Орталықтың Telegram-дағы мәліметіне сүйенсек, осы аптаның басынан бастап Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы әлеуметтік желіде Талғардағы трагедияны талқылауға байланысты қалыптан тыс белсенділікті тіркеген.
"Осы маңызды оқиғаға деген қызығушылықты әлдекімдер өз күн тәртібін ілгерілету үшін пайдаланып жатыр. Алматыда және басқа қалаларда өткен митингілер туралы жалған ақпарат пайда болды", - делінген хабарламада.
Мұндай жазбалардың басым бөлігі TikTok және Instagram желісінде жарияланған. Олардың кейбірі бірнеше күнде жүз мыңдаған қаралып жинап жатыр. Ал видеодағы митингілер шындыққа жанаспайды деді КШТТО мамандары.
"Парақшалар мен пікірлерді (50 мыңнан аса) талдау боттардың үйлесімді жұмыс істеп жатқанын көрсетті. Осы ретте біз кез келген ақпаратқа сыни көзқараспен қарауға және желідегі мәліметтің дереккөзін екі рет тексеруге шақырамыз", - деді мамандар.
Еске сала кетейік, 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Кейін марқұмның отбасы тұратын үйді өртеп жіберді.11 күдікті қамауға алынды.
9 желтоқсан күні Талғар маңынан Шерзат Полаттың ағасының мәйіті табылды. Полиция Нұрқанат Ғайыпбаевтың өз-өзіне қол жұмсағанын хабарлады.
Жерлеу рәсімінен кейін Шерзат Полаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов бұзақылық бабы бойынша 15 тәулікке қамалды.
Қаржаубайдың қарындасы Бақыт та 15 күнге жабылған. Оған митингке шақырды деген айып тағылған. Сондай-ақ ол ел азаматы болмауына байланысты Қазақстаннан депортацияланады.
Одан бөлек Қаржаубайдың тағы бір қарындасы Салтанатқа бұзақылық бабы бойынша 20 АЕК айыппұл салынды. Күйеу баласы Айғазы да 15 күнге қамалды.