Жалпы, алтын — өте қымбат металл. Ұлттық банктің ресми сайтында 1 грамм таза алтынның бүгінгі бағасы — 44 685 теңге деп көрсетілген. Бұл алтынның сырға-сақина түріндегі алтындардан айырмашылығы жер мен көктей. Ол өте таза алтын. Сынамасы — 999,9.
Отандық банктерде сатылатын алтын құймалардың салмағы 5 грамнан басталады. Ең үлкені — 100 грамм. Егер бүгінгі бағамен 5 грамдық бір алтын құйма сатып алатын болсаңыз:
5 х 44 685 = 223 425 теңге
10 х 44 685 = 446 850 теңге
20 х 44 685 = 893 700 теңге
50 х 44 685 = 2 234 250 теңге
100 х 44 685 = 4 468 500 теңге
Көрдіңіз ғой, мұндай дүниені сақтау да оңай емес. Әрине, әр адам дүниесін қалай, қайда сақтағысы келсе де өзі біледі. Ол әркімнің өз қалауы. Әрине, үйде көзден таса жерде шағын сейф ұстап, сонда сақтауға да болады. Бірақ ол 100% қауіпсіз деп айтуға тағы келмейді.
Алтын сақтаудың қандай жолдары бар?
Қауіпсіз бір жер болса, ол — банктегі ұяшық (ячейка). Бірақ ол қызмет — ақылы. Қазақстанда ондай қызметті барлық банк ұсына алмайды екен. Әрине, жарнама болмас үшін мен аттарын атамаймын, бірақ ақпарат білейін деп бірнеше банктің call-орталығына шықтым.
Не білдім? Бір банктер ондай қызмет жоқ деді. Ал, сақтау қоймасын ұсынатын банктерде депозитарий ұяшықтың механизмі мен көлеміне қарай баға әртүрлі болып шықты. Көп банктің бірінде 1 күнге 400 теңгеден — 12 айға 110 мың теңгеге дейін барады.
Ұяшықтың мехнизмі жағынан екі түрі бар екен:
- механикалық сейфтік ұяшық
- биометрикалық бақылауы бар ұяшық.
Сейфтің 3 түрі бар екен:
- кіші сейф (биіктігі 100 мм дейін)
- орташа сейф (биіктігі 101-294 мм дейін)
- үлкен сейф (биіктігі 295-600 мм дейін)
Мысалы, бірнеше алтын құйма сақтауға кіші сейфтің көлемі келіп қалу керек. Олай болса, механикалық сейфті таңдасақ:
1 күнге — 400 теңге
1 айға — 5 000 теңге
1 жылға — 39 000 теңге ақы алады.
Биометрикасы бар сейфті таңдасақ:
1 күнге — 1 000 теңге
1 айға — 10 000 теңге
1 жылға — 50 000 теңге ақы алады.
Алтын сенімді инвестиция ма?
Бір нәрсе анық — алтын үнемі өсе беретін металл емес. Жиі қымбаттайтыны рас, бірақ нарықта бағасы бірде өсіп, бірде түсіп тұрады. Салыстырмалы түрде белгілі бір көлемде пайда табуға мүмкіндік беретін инвест-құрал.
Алысқа бармай, соңғы 3 жылдағы «жүрісін» бағамдап көрейік. Ол үшін Ұлттық банктің сайтын қолданамыз. Мысалы, орташа есеппен алтынның 1 грамы минимум:
2021 жылы желтоқсанда — 24 000 теңге болған
2022 жылы желтоқсанда — 26 000 теңге болған
2023 жылы желтоқсанда — 29 000 теңге болған
2024 жылы желтоқсанда — 40 000 теңге болған
Бүгінгі датаға нақты құны — 44 685 теңге. Соңғы 3 жылда 1 грамм алтынның құны минимум 20 мың теңгеге өскен.
Оны былай да көрсетейін. Мысалы, сіз 2021 жылы 480 000 теңгеге 20 грамдық алтын құйма сатып алған болсаңыз, бүгін оның құны 893 700 теңге болар еді.
Алтынға ақша салуға тұра ма, жоқ па — енді оны ойланып, өзіңіз шешіп көріңіз.