Талғар ауданы әкімдігі аппаратының басшысы қызметінен босатылды
Талғар ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Қасымбаев Аслан Нұрғайыпұлы қызметінен босатылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сонымен қатар, Талғар ауданының әкімі Айдарбеков Таңат Есенкелдіұлы және оның орынбасары Бидаев Айбек Дүйсембекұлы «сөгіс» түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Осыған дейін Талғар қаласының әкімі Қуатбекұлы Бахыт Күрішбеков, Талғар қаласы әкімінің орынбасары Матан Сағындық өз міндеттерін тиісті деңгейде атқармағаны үшін лауазымдарынан босатылған.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігінің өкілдері Талғардағы 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан жерде камераға түсіп қалған видеоны көрсетті.
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген.
Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.
Бүгін баспасөз конференциясында Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Бауыржан Әленов Талғарда жасөспірімді өлтірді делінген 10 күдікті қамауға алынғанын айтты.
Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін әлеуметтік желіде және кейбір ақпарат құралдарында Талғар ауданы әкімдігі аппарат басшысының осы қылмысты жасағандармен байланысы туралы ақпарат тарады. Ауданның аппарат басшысы Аслан Қасымбаев «хуторлық Хасан» деген атпен танымал қылмыстық тұлғаның туған бауыры екені жазылып жатыр. Ал олардың тағы бір ағайыны істі болғаны туралы да ақпарат тарады.