"Жүрекке ауыр соққы": Каспийдегі трагедиядан аман қалған сарбаз үн қатты
Маңғыстауда қаза болған 14 сарбазбен бірге әскери борышын өтеген әрі сол қайғылы оқиғадан аман қалған үш сарбаздың бірі Бекет Қуандық әскерден оралған. Ол әлеуметтік желідегі парақшасында қаза тапқан қаруластарына арнап жазба жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бекет Қуандық қаза болған сарбаздардың отбасылары мен туған-туыстарына көңіл айтып, қаруластарынан айырылу өзіне ауыр тиіп отырғанын жеткізді.
«Қаза тапқан қарулас бауырларымның отбасыларына, туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамын. Бірге қызмет еткен, бір сапта жүрген жігіттерден айырылу — жүрекке ауыр соққы. Мен аман қалғаныммен, сол күнгі қайғы мен қасірет жүрегімде мәңгі қалады. Қасымда болуы тиіс бауырларымның енді арамызда жоқтығы жанымды ауыртады. Жігіттерімнің жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын. Алла алдынан жарылқап, жандарын жәннаттан етсін. Артында қалған отбасыларына сабыр мен төзім берсін. Біз оларды ешқашан ұмытпаймыз. Олар — біздің қаруластарымыз, бауырларымыз. Ерліктері мен жарқын бейнелері жүрегімізде мәңгі сақталады. Жандары жәннатта болсын, бауырларым! Барша біз үшін уайымдап, дұғада болған қазақ еліне Алла разы болсын», – деп жазды Бекет Қуандық.
Еске салайық, бұған дейін Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаны ресми түрде хабарланған еді. Каспийде қаза тапқан сарбаздың егізі әсерлі жазба жариялаған еді.