Каспийдегі қайғылы оқиғадан кейін ұсталған әскери басшының қызы мәлімдеме жасады
Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметшінің қаза болуына байланысты ұсталған Қазақстан Әскери-теңіз күштері бас қолбасшысының бірінші орынбасары Данияр Хайрушевтің қызы әлеуметтік желіде мәлімдеме жасады. Ол әкесіне қатысты тергеу аяқталмай тұрып, оны кінәлі деп тануға асықпауға шақырды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Хайрушевтің қызы Threads желісіндегі парақшасында әкесінің қазір қамауда отырғанын жазған. Ол қайғылы оқиға салдарынан жақындарынан айырылған отбасыларға көңіл айтып, болған жағдай үшін кешірім сұрады.
«Мен мұны ұзақ уақыт жазуға батылым бармады. Бірақ қазір әлеуметтік желі қолданушысы ретінде емес, қызы ретінде жазып отырмын. Мен Ақтаудағы әскери оқу-жаттығу кезінде болған қайғылы оқиғадан кейін ұсталған әскери қызметшінің қызымын», – деп жазды ол.
Оның айтуынша, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларының қайғысын ешбір сөз жеңілдете алмайды.
«Қайғыңызға ортақпын. Сіздердің бастарыңызға түскен жағдай үшін кешірім сұраймын. Ешбір сөз сіздердің қайғыларыңызды жеңілдете алмайды», – деді ол.
Сонымен қатар ол тергеу аяқталмай тұрып, әкесін оқиғаға толық кінәлі деп көрсетпеуді сұрады.
«Әкемді “құрбандыққа” шалмаңыздар. Тергеу аяқталғанша асығыс қорытынды жасамауға шақырамын», – деді әскери қызметшінің қызы.
Еске салайық, бұған дейін Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде 14 әскери қызметші қаза тапқаны хабарланған еді. Осы оқиғаға байланысты бірнеше әскери лауазымды тұлға ұсталып, қазір тергеу жүргізіліп жатыр.