Мәзір
Бүгін, 16:11 / BuginMedia / Жаңалықтар

12 адам қаза тапқан «Палау орталығы» ісі: сот Ақмола облысының әкіміне жеке қаулы шығарды

Бурабай аудандық соты Щучинскідегі «Палау орталығы» дәмханасында болған жарылысқа қатысты іс бойынша Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың атына жеке қаулы шығарды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

12 адам қаза тапқан «Палау орталығы» ісі: сот Ақмола облысының әкіміне жеке қаулы шығарды 12 адам қаза тапқан «Палау орталығы» ісі: сот Ақмола облысының әкіміне жеке қаулы шығарды
Фото: Оксана Матасова\Kazinform

Ақмола облысы Бурабай аудандық соты қоғамдық тамақтану орындарындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты мемлекеттік органдардың алдын алу жұмыстары мен өзара іс-қимылында кемшіліктер болғанын анықтаған. Жеке қаулы облыс әкіміне жолданып, қайғылы жағдайға әкелген себептер мен жағдайларды жою бойынша тиісті шаралар қабылдау тапсырылған.

Сот не анықтады?

Істі қарау кезінде сот бірқатар заңбұзушылықты анықтаған. Дәмхана басшысы ғимарат ішінде газ баллондарын пайдалануға рұқсат берген. Сонымен қатар, баллондар жылыту радиаторларының жанына қойылған. Қызметкерлерге қажетті нұсқама да жүргізілмеген.

Ал газ жеткізушінің оны сатуға және тасымалдауға рұқсаты болмаған. Соған қарамастан, 25 ақпанда ол дәмханаға екі газ баллонын жеткізген. Олардың бірі шамадан тыс толтырылған болып, кейін жарылған.

Бұдан бөлек, автогаз құю станциясының директоры қажетті құжаттарсыз, арнайы жабдық пен баллондардың толтырылу деңгейін бақылайтын құрылғыларсыз газ баллондарын жүйелі түрде толтырып отырған. Кәсіпорында тиісті дайындықтан өткен қызметкерлер де болмаған.

12 адам қаза тапты

Сот мәліметінше, шамадан тыс толтырылған баллон жылыту радиаторының жанында сақталған. Қызған газдың ішкі қысымы жоғарылап, баллон қабырғасы жарылған. Осыдан кейін өрт шыққан.

Қайғылы оқиға салдарынан 12 адам қаза тауып, тағы 11 адам жарақат алды. Ғимарат иесіне 19,2 млн теңгеден астам материалдық шығын келген.

Сот үкімімен дәмхана басшысы мен автогаз құю станциясының директоры жеті жылға, ал газ жеткізуші алты жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен қатар, сот 16 жәбірленушінің моральдық зиянды өтеу туралы талаптарын ішінара қанағаттандырды.

Бұған дейін сот отырысы барысында автогаз құю станциясының қызметкерлері өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша оқудан өтпегені анықталған еді. Соған қарамастан, оларға емтиханды сәтті тапсырғаны туралы куәліктер берілген.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2