Министрдің айтуынша, бастапқыда КҚК биыл шамамен 100 млн тонна мұнай өндіруді жоспарлаған. Алайда қаңтар, маусым және шілде айларында консорциум нысандарына жасалған шабуылдардан кейін жоспар қайта қаралған.
«Қазір түзетілген жоспар 96 млн тоннаны құрайды. КҚК-ға жасалған шабуылдардан болатын шығын 3,5 млн тонна болады. Есеп бойынша осындай нәтиже шығып отыр», – деді Ерлан Ақкенжанов.
Сонымен қатар Теңізшевройл акционерлері КҚК-дағы күрделі жөндеу жұмыстарын биыл жүргізбей, келесі жылға ауыстыру туралы шешім қабылдаған. Ал Энергетика министрлігі NCOC операторына тиесілі кен орындарындағы жөндеу жұмыстарын 2027 жылға шегерген.
Қарашығанақ кен орнында жөндеу жұмыстарын қыркүйектің ортасында бастау жоспарланып отыр. Оның салдарынан мұнай өндіру көлемі шамамен 400-450 мың тоннаға азаюы мүмкін.
Ерлан Ақкенжанов Қазақстан үшін Баку – Супса балама бағытының маңызы артып отырғанын атап өтті.
«Қазақстан қазір шабуылдарға байланысты қандай шығынға ұшырап отырғанын бұл құбыр бағытына қарсылық білдірушілер толық түсінбейді. Уақытша тоқтатылған немесе өндіріс көлемі төмендеген кен орындарындағы мұнайды осы бағыт арқылы тасымалдауға болар еді. Сондықтан мен бұл бағытты толық қолдаймын», – деді министр.
Бұған дейін, 8 тамызда, Украина жоғары лауазымды америкалық басшылықпен келіссөздерден кейін Қазақстан мұнайын тасымалдайтын КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасамау міндеттемесін алғаны хабарланған болатын.