Динара Сәтжанның мәлімдеуінше, бірнеше ай бұрын Бағдагүл Лепесова оған, Баян Мақсатқызына және өзге де танымал тұлғаларға қатысты балағат сөздер айтып, ауыр айыптар таққан. Олар әлеуметтік желіде жауап бермей, мәселені сот арқылы шешуді таңдаған.
Тележүргізуші Баян екеуінің сотта жеңіске жеткенін хабарлады. Оның айтуынша, сот Бағдагүл Лепесоваға 1,5 миллион теңге айыппұл салған. Айыппұл жәбірленушілерге емес, мемлекетке төленеді.
Динара Сәтжан мұндай әрекеттер қайталанған жағдайда заң аясында қатаңырақ жауапкершілік қарастырылуы мүмкін екенін атап өтті.
"Келесі жолы тағы да осындай әрекеттерін қайталаса, оны әкімшілік қамауға алу жазасы да тағайындалуы мүмкін. Адам басқа біреудің абыройына нұқсан келтіретін сөз айтқанда, әр сөзі үшін жауап беретінін ұмытпауы керек", - дейді ол.
Сонымен қатар ол қорлау фактісіне қатысты тағы бір сот отырысы өтетінін айтты.
«Сөз бостандығы – аузыңа келгенді айту емес. Сөз бостандығы – өз сөзіңе жауапкершілік ала білу», – деді тележүргізуші.
Динара Сәтжан сотта өз мүддесін қорғаған адвокаты Рена Керимоваға алғыс білдірді. Сондай-ақ Ақтөбедегі судьяның істі қарау барысын жоғары кәсіби деңгейде жүргізгенін атап өтті.
Тележүргізуші әлеуметтік желі қолданушыларын өз жазбалары мен айтқан сөздеріне жауапкершілікпен қарауға шақырды.