Ақтөбеде емші Бағдагүл Лепесоваға қатысты әкімшілік іс қаралып, сот оны жала жапты деп таныды. Сот оған 1 557 000 теңге айыппұл салды.
Іс Ақтөбе қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралған.
Полиция мәліметінше, 15 мамырда Баян Алагөзова мен Динара Сәтжан Е-өтініш арқылы Бағдагүл Лепесоваға шағым түсірген. Кейін олар полицияға бейнежазбаны ұсынған.
Бейнематериал сараптамаға жіберіліп, сарапшылар ондағы сөздерде жала жабу белгілері бар деген қорытынды жасаған. Осыдан кейін іс сотқа жолданды.
Сотта Бағдагүл Лепесова өзіне тағылған айыппен келіспеді. Ол аталған видеоны өзі жарияламағанын айтты.
— Мен бұл айыптармен келіспеймін. Аталған видеоны өзім жариялаған жоқпын. Егер бейнеролик менің парақшамда болмаса, онда мені қалай жауапқа тартуға болады? Басқа адамдардың әрекеті үшін жауап бере алмаймын. Бұл видеоға менің қатысым жоқ, — деді ол.
Лепесованың қорғаушысы да бейнежазбаның шынайылығына күмән келтірді.
— Бейнематериал монтаж арқылы жасалуы немесе жасанды интеллект көмегімен дайындалуы мүмкін деген негіз бар. Сондықтан сараптама қорытындысын заңсыз деп тануды сұраймыз. Сонымен қатар видеоны жариялаған екі аккаунттың иелерін анықтап, оларды сотта жауап алуға шақыру қажет, — деді қорғаушы.
Ал Баян Алагөзова сот отырысына онлайн қатысып, бейнежазбадағы сөздер оның ар-намысына тигенін айтты.
— Мен бұл сөздерден кейін кешірім сұрауды да қабылдамаймын және медиациялық келісімге келуге ниетім жоқ. Мен туралы есірткіге тәуелді, мемлекеттен ақша алады, адамдарды жалдап, қаржыны өз қажетіне жұмсайды деген сияқты ауыр сөздер айтылды. Мұның бәрі менің ар-намысыма тиді. Соттан әділ шешім шығарып, заңға сәйкес жаза қолдануды сұраймын, — деді Алагөзова.
Ол әлеуметтік желілерде адамдарды қорлау мен кемсітуге жол бермеу керек екенін атап өтті.
— Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан адамның ар-намысына тиетін сөздер айтуға болмайды. Бұл іс әлеуметтік желіде өзгені қорлауға жол бермеу керектігін көрсететін сабақ болады деп ойлаймын, — деді ол.