Депутаттың айтуынша, соңғы екі жылда балалардың қауіпсіздігі мен құқығын қорғауға бағытталған кешенді шаралар қолға алынды. Заңдар қабылданды, бағдарламалар әзірленді. Алайда, соған қарамастан балалар мен жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтар мен ауыр қылмыстар толастамай отыр.
– Бір ғана Жамбыл облысында жаңа оқу жылы басталғалы жасөспірімдер арасында үш қайғылы жағдай болып, үш жасөспірім қаза тапты. БАҚ деректеріне қарағанда, Тараз қаласындағы мектептің бірінде 9 сынып оқушысы қатарласымен төбелесіп, дәретханада көз жұмған. Көп ұзамай Жамбыл облысының Шу ауданында да қарапайым футбол ойынында туған жанжалдан 10-сынып оқушысы қатарласынан соққы алып, қаза тапты. 1 қыркүйекте колледжге енді түскен оқушы өз қатарласын пышақтап өлтірген. Бас-аяғы 15 күнде бір ғана өңірде 3 бірдей оқушының кісі қолынан ажал құшуы – дабыл қағарлық жағдай, – дейді депутат.
Ресми статистика мәліметтері де алаңдаушылық туғызады. Мәселен, 2024 жылы жасөспірімдер арасындағы 1 973 қылмыс тіркелген. Оның ішінде 130-ы аса ауыр қылмыс.
Ал биылғы 8 айда 938 қылмыс тіркелген. Жасөсіпірімдер арасындағы қылмыстар бойынша жылдық көрсеткіш өткен жылдан да асып кетуі мүмкін. Әсіресе, бұл Шымкент (131), Алматы (115) және Астана (92) қалаларында өршіп отыр.
– Бұл оқиғалар – жеке бір мектептің немесе бір өңірдің ғана емес, қоғамымыздағы тәрбие ісіндегі олқылықтардың көрінісі. Мектептерде білім сапасына басымдық берілгенімен, тәрбие жұмысы қағаз жүзінде қалып отыр. Соның салдарынан оқушылар арасында өзара сыйластық, жанжалды бейбіт жолмен шешу дағдысы жеткілікті деңгейде қалыптаспай келеді. Екіншіден, жасөспірімдер арасындағы психологиялық дағдарысты байқауға болады. Балалардың өз ашу-ызасы мен эмоциясын басқару қабілеті төмен. Ал мектеп психологтарының саны да, сапасы да бұл мәселені шешуге жеткіліксіз. Ювеналды полиция мен кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссиялардың жұмысы формалды сипат алып отыр, – деп атап өтті Е.Бейсенбай.
Үшіншіден, ата-ананың баласының тәрбиесіне, оның жүріс-тұрысына, тіпті достарымен қарым-қатынасына дейін жауапкершілігін арттыратын уақыт келді.
– Бала кәмелет жасына толғанша оның әрбір іс-әрекетіне тікелей ата-анасы жауапты деген міндетті заңмен бекітуді тиісті мемлекеттік органмен ойластыруымыз қажет. Бұл ретте, ата-аналардың мектепішілік, мектепаралық іс-шараларға қатысуын күшейткен жөн. Өйткені адамдықтың негізі – отбасындағы тәрбие. Төртіншіден, әлемдегі әлеуметтік зерттеулер бүгінгі балалардың смартфондардың салдарынан психологиялық тұрақтылығы мен әлеуметтік ахуалы қалыпты емес екенін дәлелдеп отыр. Сондықтан әлемнің дамыған елдерінде мектеп қабырғасында смартфонға шектеу қою трендке айналған. Өйткені бұл процесс балалардың үлгерімінің өсуіне, достық қарым-қатынасының нығаюына әсер етеді, – деді ол.
Мәжіліс депутаты білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін барлық мектепте антибуллингтік бағдарлама енгізуді ұсынды. Оған қоса, әрбір мектепте психологиялық көмек қызметін күшейтіп, балаларға жүйелі түрде агрессияның алдын алу, эмоцияны басқару және жанжалды шешу дағдысын үйретуге бағытталған нақты бағдарламалар қабылдау керек.
– Спорттық және көпшілік іс-шараларды балалардың арасындағы командалық рухты күшейтуге, бір-бірін құрметтеуге, олардың бойына ізгі құндылықтарды сіңіруге, заң мен тәртіпті сақтауға бағыттаған жөн. Балалар арасындағы достықты нығайту, олардың онлайн араласқанынан гөрі бетпе-бет қарым-қатынасын қалыптастыру мақсатында мектептерде жаппай смартфон пайдалануды шектеу шараларын енгізу қажет, – деді Елнұр Бейсенбай.