Мемлекет басшысы атап өткендей, елімізде интернет-алаяқтық пен есірткі құралдарының заңсыз айналымына тартылған 50 мыңнан астам азамат бар.
Жүргізіліп жатқан жұмыс аясында Бас прокуратура қылмыс жасауға жәрдемдескен 6 мыңнан астам дроппердің жеке басын анықтады.
Қазіргі уақытта Парламент Сенатында заң жобасын мақұлдау рәсімі өтуде. Онда дропперлердің өздерінің төлем құралдарын үшінші тұлғаларға заңсыз, материалдық сыйақы алу мақсатында бергені үшін қылмыстық жауаптылық көзделеді (Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы).
Аталған әрекет тек қаржылық шектеулерге ғана емес, сондай-ақ 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғуы мүмкін.
Дропперлер үшін салдары:
• барлық банктік шоттардың алаяқтық ісіретінде бұғатталуы;
• күдікті тұлғалар тізіліміне енгізілу және осыған байланысты қаржылық қызметтерді шектеу;
• нақты мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына сотталу.
Бұл зардаптар өздерінің банктік шоттарын, соның ішінде шетелдік шоттарды, қылмыстық схемаларда пайдалануға ұсынған шетел азаматтарына да қолданылады.
Сонымен қатар, Қылмыстық кодекстің 232-1-бабына сәйкес, егер адам құқыққа қарсы схемаға тартылғанын түсініп, бұл туралы уәкілетті органдарға өз еркімен хабарлап, қылмыстың ашылуына белсенді ықпал етсе, ол қылмыстық жауаптылықтан босатылады.
"Егер сіз бұған дейін өз шотыңызды үшінші тұлғаларға берген болсаңыз, ықтимал құқыққа қарсы әрекеттердің алдын алу үшін банк бөлімшесіне дереу жүгініңіз немесе онлайн-банкинг арқылы картаны өзіңіз бұғаттаңыз. Азаматтарды қаскүнемдердің құралына айналмауға шақырамыз", - делінген ақпаратта.