Мерейтойды ерекше өткізу үшін отбасы бір жыл бойы дайындық жүргізген. Әрбір қыз өз қалтасынан қаржы жинап, ортақ мақсатқа қолдау көрсетті. Ақтаудан пәтер іздеуге үйдегі үлкен қыздарының уақыты болмағандықтан, егіз қыздар Әмина мен Әлина белсенділік танытты. Бұл туралы үлкен қызы Жақсыгүл Шалғынқызы айтып берді.
"2021 жылы әкемізге LADA Niva сыйлағанымыз әлеуметтік желілерде кеңінен таралған болатын. Бірақ біз ешқашан атақ-даңқты көздеген жоқпыз, басты мақсатымыз – әкемізді қуанту еді. Біз қарапайым ауыл отбасынан шыққан он бір баламыз. Ата-анамыз да, өздері айтқандай, шулы өмірді емес, тыныштықты қалайды", – дейді Жақсыгүл Шалғынқызы.
Жаңа пәтер – он қыздың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Пәтердің құны жарияланбаса да, бұл сыйлықтың баға жетпес екендігі айқын. Бұл оқиға отбасылық махаббат, бірлік және өзара қолдаудың жарқын мысалы, әрі көпшіліктің таңданысын тудырды.
"Бұған дейін қыздар бір бөлмелі пәтер сыйлаған еді, оны өздері пайдаланады. Ал ата-анамыз ауылда мал бағады. Сондықтан, оларға қалада демалу үшін, жайлы жағдайда болу үшін пәтер сыйлауды жөн көрдік. Анамызға алтын білезік те сыйладық",– деп толықтырады Жақсыгүл Шалғынқызы.