Саясат

ҚТЖ-ның бұрынғы үш топ-менеджері ұсталды

Қазақстанда «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының еншілес ұйымына қатысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша тағы үш бұрынғы басшы ұсталды. Олардың қатарында «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры да бар, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, 2026 жылғы 9–10 қарашада «ҚТЖ – Жүк тасымалы» компаниясының бұрынғы бас директоры Владимир Петров, оның бұрынғы орынбасары Қайрат Кабылов және ұйымның атқарушы директоры, сатып алуды қамтамасыз ету департаментінің директоры Азамат Сембай ұсталған.

ҰҚК мәліметінше, олардың барлығы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікке ілінген.

«11 және 12 қарашада сот санкциясымен олар екі ай мерзімге қамауға алынды. Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.

Алайда ведомство қылмыстық істің нақты қандай баптар бойынша тергеліп жатқанын және күдіктілерге тағылған айыптың мән-жайын ашпады. Бұл ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.

Бұған дейін ҚТЖ мен «Самұрық-Қазына» басшылары да ұсталған

Еске салайық, 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақұпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Орыншиевтің ұсталғанын растаған болатын. Кейін сот олардың екеуін де қамауға алу туралы шешім шығарды.

13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік кеңесінің отырысында мемлекеттік компаниялардағы сыбайлас жемқорлық мәселесіне тоқталып, басшылардың ұсталуын елеулі белгі деп атаған.

Кейін ҚТЖ басшылығына бұрынғы Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев тағайындалды.