"Қазатомөнеркәсіп" басқармасынан тағы бір адам кетті
«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясының басшылығында бір апта ішінде үш кадрлық өзгеріс болды. Соңғы болып сатып алу және жалпы мәселелер жөніндегі бас директор Дархан Сағындықов қызметінен кетті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Компанияның мәліметінше, Дархан Сағындықов 2026 жылғы 26 қарашада өз еркімен қызметінен кеткен. Директорлар кеңесі оның басқарма мүшесі ретіндегі өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатқан. Ал оның міндеттері компанияның басқа басшыларына бөлінген.
Бұған дейін, 24 қарашада, компанияның тағы екі басшысы басқарма құрамынан шығарылған еді. Олар – өндіріс жөніндегі бас директор Қуаныш Омарбеков пен коммерция жөніндегі бас директор Владислав Байгужин.
Басшылардың қызметтен кетуіне не себеп?
Бұл өзгерістер компанияның бірнеше топ-менеджері жемқорлыққа қатысты тергеу аясында ұсталғаннан кейін болып отыр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, 23 қарашада Қуаныш Омарбеков пен басқа да адамдар ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Олар «Самұрық-Қазынаның» бұрынғы басшылығы ұйымдастырды деген болжам бар сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген.
Қазір аса ірі мөлшерде пара беру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Алайда ҰҚК басқа күдіктілердің аты-жөнін жариялаған жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін, 12 қарашада, «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшысы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» компаниясының басшысы Елжас Отыншиев те ұсталған болатын. 14 қарашада сот оларды қамауға алуға санкция берген.
«Қазатомөнеркәсіп» компаниясы құқық қорғау органдарына тергеу кезінде қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Компания қазіргі уақытта штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын хабарлады.