Аудитор Санжар Боқаевтың кәсіподақ қаражатын жымқырғанын қалай анықтағанын айтты
Алматы қаласының Алмалы аудандық сотында «Нұр Отан» партиясының бұрынғы идеологы, «ҚазТрансГаз» басшысының экс-кеңесшісі Санжар Бокаевқа қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Кезекті сот отырысында аудитор кәсіподақ қаражатын компаниялармен жасалған келісімшарттар арқылы жымқыру белгілерін қалай анықтағанын айтып берді. Күдікті компаниялардың бірі сотталушының туысымен байланысты болған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Сот отырысында «QazaqGaz» ҰК» АҚ Тәуекелдерді басқару департаментінің бас менеджері, кәсіподақтың тексеру комиссиясының мүшесі Медетбек Әбдіқалықов жауап берді. Қаржылық аудит саласында 20 жылдық тәжірибесі бар маман күмәнді келісімшарттардың қалай анықталғанын және қорғау тарапының уәждеріне қатысты пікірін жеткізді.
Аудитор күмәнді келісімшарттарды қалай анықтаған?
Медетбек Әбдіқалықов сотта автокеруен өткізуге қатысты келісімшартты арнайы іздемегенін түсіндірді. Оның айтуынша, тексеру комиссиясы дебиторлық берешекті зерделеу аясында кәсіподақтың барлық қаржылық құжаттары мен келісімшарттарын қараған.
Тексеру тәртібі бойынша комиссия мүшелері әр кезеңдегі құжаттарды толық зерттейді. Әр маман өзіне қатысты бағытты тексереді.
Аудитор жеткізушілерді таңдау негізділігін және олардың ұлттық компания қызметкерлерімен байланысы бар-жоғын анықтау үшін Adata сервисін пайдаланған.
Талдау барысында ол бір ерекшелікке назар аударған. Іс-шара ұйымдастыру нарығында бәсекелестік жоғары болғанымен, кәсіподақ келісімшарттарды үнемі бір компаниялармен — BM Trust және We Can ЖШС-мен жасасқан.
Сметаларды зерттеу кезінде аудитор қызмет құнының негізсіз көтерілгеніне және жеткізушілер арасында үлестестік байланыстар болуы мүмкін екеніне назар аударған. Атап айтқанда, BM Trust компаниясының атынан Бокаевтың жиені әрекет еткен.
Маманның айтуынша, құжаттардан кәсіби іс-шара агенттіктері мен тек қағаз жүзінде жұмыс істейтін компаниялардың айырмашылығын байқауға болады.
Әбдіқалықов анықталған күмәнді жайттар бойынша қорытынды дайындап, материалдарды құқық қорғау органдарына жолдаған. Сотта ол өз міндетін адал орындағанын айтты.
«Мен жымқыру белгілерін көрдім, сондықтан үндемей қала алмадым. Қандай да бір блогерден қорқатын адам емеспін. Күмәнді келісімшарттарға құқықтық баға берілуі үшін оларды тиісті органдарға жолдау менің міндетім болды», — деді аудитор.
Кәсіподақ ақшасы жалғызбасты аналарға көмек ретінде берілуі мүмкін еді
Аудитор кәсіподақ қаражатын автокеруендерді қаржыландыруға жұмсаудың қаншалықты заңды болғанына да тоқталды.
Куәгердің айтуынша, ұйымның қаражаты нақты мақсаттарға арналған. Ол еңбек құқықтарын қорғауға, сондай-ақ кәсіподақ мүшелеріне материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетуге жұмсалуы керек.
Ревизордың пікірінше, имидждік іс-шараларды қаржыландыру ұйым жарғысында белгіленген міндеттерге сәйкес келмейді.
Айыптау нұсқасы бойынша, көтеріңкі сметалар арқылы шығарылған ондаған миллион теңгені қызметкерлерге нақты көмек көрсетуге, соның ішінде компанияда жұмыс істейтін жалғызбасты аналарды қолдауға бағыттауға болар еді.
Әбдіқалықов Санжар Бокаевтың кәсіподақ комитетімен қарым-қатынасы туралы да айтты. Оның сөзінше, бас директордың кеңесшісі болған Бокаев кәсіподақ отырыстарына таңдап қатысқан. Ол негізінен қаржы бөлу мәселелері қаралатын кезде ғана келген.
Куәгер мұндай әрекетті тәуелсіз кәсіподақ ұйымының жұмысына тікелей араласу деп бағалаған.
Бокаевтың қорғаушылары қандай уәж айтты?
Сот отырысында адвокаттар қорғау ұстанымын негізінен формалды рәсімдерге сүйеніп құруға тырысты.
Олар кәсіподақтың мемлекеттік ұйым емес екенін, сондықтан оған мемлекеттік сатып алу туралы заң талаптары қолданылмайтынын алға тартты. Сондай-ақ заңда үлестес жеткізушілерді таңдауға тікелей тыйым салынбағанын айтты.
Осы уәждер арқылы қорғау тарапы Бокаевтың кәсіподаққа жиеніне тиесілі компанияның қызметін ұсынуға құқығы болғанын дәлелдеуге тырысты.
Талқылау барысында сот залындағы ахуал шиеленісе түсті. Адвокаттар куәгерге сұрақтарды дайын тұжырым түрінде қоя бастаған соң прокурор мұндай тәсіл куәгерді жаңылыстыруға бағытталған болуы мүмкін екенін айтып, ескерту жасады.
Әңгіме кезінде Санжар Бокаевтың өзі де сөзге араласып, аудиторға сауал қойды.
«Егер сіз біздің жымқырумен айналысқанымызды есептесеңіз, неге бізді тоқтатпадыңыз? Неге бұл келісімшарттарға жол бердіңіз?» — деп сұрады сотталушы.
Бұған Медетбек Әбдіқалықов былай деп жауап берді.
«Өйткені мен компанияға 2022 жылы, сіздің автокеруеніңіз өткеннен кейін бес жыл өткен соң жұмысқа келдім», — деп жауап берді.
Бұған дейін Боқаев ісі бойынша куәгер келісімшарттардың қалай рәсімделгенін айтқан еді.