Жеңіл атлетика федерациясы алтыннан айырылған Ясмина Тоқсанбаеваға қатысты мәлімдеме жасады
Қазақстанның Жеңіл атлетика федерациясы Азия ойындарындағы нәтижесі жойылған Ясмина Тоқсанбаеваға наразылық пен шағымның нәтижесіне қарамастан, барлық тиісті жүлде ақшасын өз қаражаты есебінен төлейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
27 қыркүйекте Ясмина Жапонияда өткен Азия ойындарында марафондық спорттық жүрістен 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтіп, мәреге бірінші болып келген. Алайда жарыстан кейін оның нәтижесіне пайдаланған аяқ киіміне байланысты наразылық беріліп, кейін спортшы дисквалификацияланған.
Федерация бұл шешімге қатысты наразылық білдіріп, шағым жолдаған.
«Біз үшін Ясмина – чемпион. Федерация оны қолдауды жалғастырады. Біздің жіберген наразылығымыз бен шағымымыздың нәтижесіне қарамастан, чемпионға тиесілі барлық жүлде төлемі Федерацияның өз қаражаты есебінен толық көлемде төленеді», – делінген хабарламада.
Федерацияның мәліметінше, Ясмина жарыста ASICS маркалы аяқ киім киген. Алайда оның нақты моделі World Athletics ұйымының рұқсат етілген аяқ киімдер тізімінде болмаған. Сонымен қатар, жарыс алдында спортшының аяқ киімі тексеріліп, стартқа шығуына рұқсат берілген.
Федерация спортшыны дайындау үшін толыққанды оқу-жаттығу процесі, медициналық-биологиялық сүйемелдеу және қажетті жағдайлар қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Бұл еңбектің нәтижесі жарыс жолында көрінді. Ясмина мәреге бірінші болып жетіп, чемпиондық нәтиже көрсетті.
Осы тұста ел спортшыларының халықаралық аренадағы мүддесін қорғау жұмысын одан әрі күшейту қажет деп санаймыз. Кешенді халықаралық жарыстарда бұл бағыттағы жұмыс Ұлттық Олимпиада комитетінің үйлестіруімен жүзеге асырылады», – деді федерация.
Айта кетейік, бұған дейін Ясмина Тоқсанбаева Азиядада аяқ киімнің кесірінен алтыннан айырылғанын жазған едік.