Бозымбаев бастаған үкіметтік комиссия әскери қызметшілер қаза болған жерге барады
Маңғыстау облысында әскери оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін анықтау үшін үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Комиссияны вице-премьер Қанат Бозымбаев басқарады. Оның құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің өкілдері, Бас әскери прокурор мен Шекара қызметінің өкілдері кірді.
Премьер-министр Олжас Бектенов Қанат Бозымбаевқа оқиға орнына шұғыл барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеуді ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен қатар, қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына қажетті көмек көрсету шараларын қабылдау міндеттелді.
Айта кетейік, бұған дейін Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде 9 әскери қызметші қаза тапқанын жазған едік.