«Ақпараттық шабуыл жалғасып жатыр»: Азат Перуашев WhatsApp аккаунты бұғатталғанын мәлімдеді
«Ақ жол» демократиялық партиясының бұрынғы төрағасы Азат Перуашев өзіне және партияға қатысты ақпараттық шабуылдар жалғасып жатқанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін өзін қаралайтын материалдың астына Exclusive.kz сайтының үш жалған көшірмесі жасалған. Перуашевтың сөзінше, түпнұсқа Exclusive.kz бұл арандатуға қатысы жоқ екенін, керісінше, өзі де ақпараттық шабуылға ұшырағанын хабарлаған.
Саясаткердің мәлімдеуінше, бұдан кейін «Ақ жол» партиясының әлеуметтік желідегі парақшаларына боттар арқылы жаппай шабуыл жасалған. Оның сөзінше, онда бұған дейін жоққа шығарылған ақпарат қайта таратылған.
«Бұдан бөлек, боттардың шабуылы жеке нөмірлерге де бағытталған. Жаңа ғана осындай 200-ден астам хабарлама алдым», – деп жазды Азат Перуашев.
Ол бұл әрекеттердің өзінің жеке басына емес, «Ақ жол» партиясының беделіне нұқсан келтіру мақсатында жасалуы мүмкін екенін айтты.
«Құрылтайдағы депутаттық фракциямыз алғашқы апталардан бастап өткір әрі өзекті мәселелерді көтере бастады. Бұл, шамасы қаскөйлердің ашуын туғызатын сияқты», – деді ол.
Перуашевтың айтуынша, партия өкілдері өз жұмыстарын ашық жүргізіп жатқанда, анонимді аккаунттар арқылы ақпарат таратушылар өздерін жасыруға тырысады. Ол шабуылдардың шетелден жасалып жатқандығы туралы ақпарат бар екенін де мәлімдеді.
«Біз бұл арандатушыларды анықтап, оларды заңда көзделген жауапкершілікке тартуға жәрдем көрсету үшін құқық қорғау органдарына жүгіндік», – деп жазды бұрынғы партия төрағасы.
Перуашев кейін тағы бір жағдайға тап болғанын хабарлады. Оның айтуынша, бүгін таңертең WhatsApp аккаунты бұғатталып, жүйеде «Аккаунт тексеріліп жатыр» деген хабарлама келген.
«Мүмкін, аккаунт бұзылған шығар және онда қандай да бір әрекеттер жасалып жатқан болуы мүмкін. Шабуыл екі күн бұрын басталғанын ескерсек, менің және партияның атынан тағы да жалған ақпарат таратылуы мүмкін», – деді ол.
Саясаткер өз нөмірінен күмәнді немесе арандатушылық сипаттағы хабарламалар келген жағдайда, оларға сенбеуге шақырды.
Кейін Азат Перуашев WhatsApp аккаунтының бұғаттан шығарылғанын хабарлады.
Айта кетейік, бұған дейін «Ақ жол» партиясының бұрынғы қызметкері Азат Перуашев өзін сексуалды қысым көрсетті деп айыпқа жауап берген болатын.