Әлеумет

Астанада ер адам бұрынғы әйелін пышақтап өлтірді

Астанада Күлтегін көшесіндегі тұрғын үйдің ауласынан 30 жастағы әйел өлі табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, әйел бірнеше жерінен пышақ жарақатынан көз жұмған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Әлеуметтік желілерде полицияға тиесілі болуы мүмкін деген бағдар құжаты тарады. Құжаттағы мәліметке сәйкес, Күлтегін көшесі, 9-үйдің маңында пышақ жарақатын алған әйел туралы хабарлама Нұра ауданының кезекші бөліміне сағат 20:47-де түскен.

Оқиға орнына келген полицейлер 1996 жылы туған әйелді анықтаған. Ол алған жарақаттарынан көз жұмған.

Аталған факті бойынша «Адам өлтіру» бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.

Бұрынғы күйеуі туралы ақпарат тарады

Оқиға куәгерлері мен Threads қолданушыларының жазуынша, күдікті – марқұмның бұрынғы күйеуі. Сондай-ақ әлеуметтік желіде әйелдің артында екі баласы қалғаны айтылып жатыр. 

Жергілікті тұрғындар ер адамның бұған дейін Астананың Сарыарқа ауданында учаскелік инспектор болып жұмыс істегенін де жазуда.

Полиция не дейді

Астана қаласының полиция департаменті анықталғандай, әйел қылмыс болған жерде тіл тартпай кеткен.

«22 қыркүйек күні кешкі сағат 20:00 шамасында Астанада бір әйелге шабуыл жасалғаны туралы ақпарат түсті. Оқиға орнына жеткен полиция әйелді әлдекімнің пышақтап кеткенін анықтады. Көп ұзамай полиция күдіктіні қолға түсірді», - деп хабарлайды полиция департаменті.

Полиция сондай-ақ күдіктіге қатысты желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды.

«Күдікті қазір изоляторда. Ол полиция қызметкері деген ақпараттың шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Бұл қылмыс Полиция департаменті басшылығының ерекше бақылауында. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, заңға сай ең ауыр жаза алады», - деп хабарлайды полиция департаменті.

Айта кетейік, бұған дейін Семейде 19 жастағы қызды көшенің қақ ортасында пышақтап өлтіріп кеткенін жазған едік.