Жаңалықтар

Бауыржан Байбектің әйелі үйінен 170 млн теңгенің сағаты жоғалғанын айтып, полицияға арызданды

Бұрынғы Алматы әкімі Бауыржан Байбектің Астанадағы пәтерінен қымбат сағаттар жоғалған. Бұл туралы журналист Александр Козачков Telegram-дағы парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оның мәліметінше, оқиғаға байланысты құқық қорғау органдарына Бауыржан Байбектің жұбайы Жанар Байбек жүгінген.

"Арызда пәтерден 8 хронографтың жоғалғаны, олардың жалпы құны 170 миллион теңге екені көрсетілген. Сағаттардың арасында Breguet, Blancpain, Hublot, Jaeger-LeCoultre және A. Lange & Söhne сияқты танымал брендтер болған", - деп жазды ол.

Тергеу барысында пәтерге кіріп-шығуға мүмкіндігі болған 31 жастағы ер адам анықталған. Ол Бауыржан Байбектің көмекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеген.

Козачковтың жазуынша, күдікті сағаттарды алып кетіп қана қоймай, олардың орнына алдын ала сатып алған көшірмелерін қойған. Алайда үй иелері сағаттардың ауыстырылғанын байқап, полицияға хабарлаған.

Тергеу кезінде күдікті 8 сағаттың төртеуін ғана ауыстырғанын айтқан. Сондай-ақ ол сағаттарды бағалы заттарды сатып алатын адамға өткізгенін мойындаған.

Полиция сатып алушыдан смартфон тәркілеген. Телефондағы хат-хабарларды зерттеу барысында 6 хронографтың сатылғанын растайтын мәліметтер анықталған.

Қазір тергеу органдары нақты қанша сағаттың жоғалғанын және келтірілген материалдық шығын көлемін анықтап жатыр.

"Күдікті қамауға алынған. Оған аса ірі мөлшерде ұрлық жасады деген күдік келтірілген. Бұл қылмыс үшін бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру және мүлікті тәркілеу жазасы қарастырылған", - дейді журналист.

Айта кетейік, бұған дейін Бауыржан Байбектің үйінен құны 90 млн теңге болатын сағаттары ұрланғаны туралы ақпарат тараған болатын.