Қырғызстандағы VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ұйымдастыру комитеті жанжалға байланысты әлеуметтік желілердегі және ресми сайттағы медальдар есебін өшірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жарыс бағдарламасы 6 қыркүйекте аяқталды. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі қорытынды жасап, ұлттық құрама қоржынына 32 алтын медаль түскенін хабарлады. Осылайша Қазақстан қорытынды медальдар есебінде бірінші орында болу керек еді.
Алайда кейін Көшпенділер ойындарын ұйымдастырушылар басқа нұсқаны жариялады. Онда Қырғызстан құрамасының 30 алтын медалі сақталған, ал Қазақстанның алтын жүлделер саны 29-ға дейін азайып, жалпы есепте екінші орынға түсті.
Қоғамда қызу талқылау туып, ақпараттар бір-біріне қайшы келгеннен кейін ұйымдастырушылар медальдар есебі жарияланған Instagram жазбасын екі рет өшірді. Ол ресми сайттан да жоғалып кетті. Жарияланым шыққан кезде сайтта хабарлама пайда болды.
"VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қорытынды медальдар есебі Ойындар хатшылығынан соңғы ақпарат келіп түскеннен кейін жарияланады. Ресми расталғанға дейін жиынтық кесте жарияланбайды. Жарыстардың нәтижелері мен спорт түрлері бойынша берілген жүлделер тиісті бөлімдерде қолжетімді", – делінген жарияланымда.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Қырғызстанда өткен Көшпенділер ойындарындағы сәтті өнер көрсетуіне байланысты Қазақстан құрамасын құттықтаған еді.