Осылайша, қазіргі Үкімет басшысы өз қызметін жалғастыра береді.
Президенттің ұсынысы Құрылтайдың келісіміне енгізіледі. Кандидатура мақұлданған жағдайда Олжас Бектенов Қазақстан Үкіметін әрі қарай басқарады.
Айта кетейік, Олжас Бектенов Премьер-министр қызметіне 2024 жылғы ақпанда тағайындалған. Бұған дейін ол Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы болған.
Олжас Бектенов туралы не белгілі?
Олжас Бектенов 1980 жылғы 13 желтоқсанда Алматы қаласында туған. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын «Құқықтану» мамандығы бойынша үздік бітірген.
Мемлекеттік қызметтегі еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасынан бастаған. Кейін Премьер-министр кеңсесінің заң бөлімінде және Президент Әкімшілігінде түрлі қызметтер атқарды.
2009-2012 жылдары Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары болды. Кейін қаржы полициясы органдарында басшылық қызмет атқарды.
2015-2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппаратын басқарды. Осы кезеңде Президент Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметін де атқарған.
2016-2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Астана қаласы бойынша департаментіне жетекшілік етті. 2017-2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды.
2018-2019 жылдары Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары қызметін атқарды. Ал 2019-2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары болды.
2022 жылы аталған агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. 2023 жылы Президент Әкімшілігінің басшысы қызметіне келді.
2024 жылғы ақпанда Олжас Бектенов Премьер-министр болып тағайындалды. Сол кезде оның кандидатурасын Мәжіліс депутаттары қолдаған.
Бектенов ІІ дәрежелі «Айбын» және «Даңқ» ордендерімен марапатталған.
Қазіргі уақытта Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оның кандидатурасын Премьер-министр қызметіне қайта ұсынды.