Жаңалықтар

15 млн қазақстандықтың жеке дерегі тарап кетті деген ақпарат рас па: тексеріс нәтижесі жарияланды

Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі eGov ақпараттық жүйесінің бұзылғаны және 15 миллион қазақстандықтың жеке деректері тарады деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

eGov жүйесі бұзылды және 15 миллион қазақстандықтың жеке деректері тарап кетті деген ақпарат расталмады. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізді.

"Бүгін ақпарат кеңістігінде eGov жүйесі бұзылып, Қазақстанның 15 миллион азаматының деректері тарады деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп техникалық тексеру жүргізді. eGov ақпараттық жүйелерінің бұзылғаны анықталған жоқ. Сонымен қатар біз darknet-те сатылымға шығарылған файлдарға қол жеткіздік. Оларды талдау барысында бұл әр түрлі белгісіз файлдар мен суреттердің жиынтығы екені анықталды және ЕGov жүйесінен алынған деректер базасының көшірмесі еместігі белгілі болды", - делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство мұны растайтын мынадай фактілер барын мәлімдеді:

жарияланған деректер массивінің көлемі мен мазмұны бір-біріне сәйкес келмейді;

eGov жүйелерінде хабарландыру авторы көрсеткендей, паспорттардың скан-көшірмелері сақталатын база жоқ. Цифрлық құжаттар мүлдем басқа тәсілмен қалыптастырылады және сақталады;

"Сондықтан тағы да ресми түрде мәлімдейміз: eGov жүйесі бұзылған жоқ. 15 миллион Қазақстан азаматының деректері eGov жүйелерінен алынды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді. Сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдары мен ақпараттық ресурстар өкілдеріне жеке тоқталғымыз келеді. Darknet-тегі анонимді хабарландырудың өзі жүйенің бұзылғанын немесе деректердің тарағанын дәлелдемейді. Миллиондаған азаматтың дербес деректері туралы сөз болған жағдайда, ақпаратты белгіленген факт ретінде таратпас бұрын, ең алдымен оның шынайылығын мұқият тексеріп алған дұрыс", - деп қосты министрлік өкілдері.

Еске салсақ, бұған дейін Mash желілік басылымы 15 млн қазақстандықтың жеке деректері желіде тарап кеткені туралы ақпарат жариялаған еді. Mash дерегінше, аты-жөні белгісіз хакер даркнетте Қазақстанның 15 млн азаматының мәліметін сатылымға шығаратынын жазған. Жазбада бұл "ел халқының төрттен үш бөлігі" екені айтылған.