Мәзір
21 шілде, 2025 / BuginMedia / Жаңалықтар

Қазақстандағы кен орындарының көпшілігі тек «қағаз жүзінде ғана» жұмыс істейді

ҚР Жоғары аудиторлық палатасының отырысында геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласындағы ұлттық ресурстарды пайдалану тиімділігіне жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындылары шығарылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қазақстандағы кен орындарының көпшілігі тек «қағаз жүзінде ғана» жұмыс істейді Қазақстандағы кен орындарының көпшілігі тек «қағаз жүзінде ғана» жұмыс істейді
Фото: dalanews.kz

Қазіргі уақытта жер қойнауын пайдалану елдің жалпы ішкі өнімінің 20%-дан астамын қамтамасыз етіп отыр. Қазақстанда хром, темір кені, қорғасын, мырыш, мыс, уран, алтын, күміс және басқа да пайдалы қазбалардың ірі қоры бар.

Жүргізілген аудит пайдалы қазбалар кешенін басқару процестерінде бірқатар жүйелі кемшіліктерді анықтады.
 

"Мәселен, расталған қорлардың азаюы себебінен экономикалық айналымға тартылмаған, тек алдын ала бағаланған, бірақ нақты дәлелденбеген «қағаз жүзіндегі» қорлардың үлесі жоғары. Қор өсімінің баяулау себептерінің бірі – жер қойнауын геологиялық зерттеуге қаржының жеткілікті бөлінбеуі. Барлау құқығына лицензиялық жүйе енгізілгеніне қарамастан, жер қойнауын пайдаланушылардың инвестициялық белсенділігі төмен деңгейде қалып отыр", - делінген ЖАП хабарламасында.


Аудиторлық палатаның дерегінше, аудиторлар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі геологиялық ақпаратты цифрландыру, деректердің цифрлық банкін құру, қорларды жаңарту және жекеменшік сектордың белсенділігін арттыру жөніндегі міндеттерді орындамағанын атап өтеді. Қазіргі заманғы сақтау орындарының болмауы геологиялық маңызды деректердің жоғалуы немесе бүліну қаупін тудырады.

Геология комитетінің тарапынан бақылаудың болмауы және мердігердің шарттық міндеттемелерді тиісті орындамауы салдарынан геологиялық материалдарды цифрландыру бойынша орындалмаған жұмыстар үшін мемлекет есебінен 68,2 млн теңге төленген.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жер қойнауын пайдаланушылардың жұмыс бағдарламаларына міндетті салықтық сараптамасыз өзгерістер енгізуге рұқсат береді. Бұл компанияларға салық салу ережелерін өз қалауынша түсіндіріп, салықтар мен басқа да бюджетке төленетін төлемдерден жалтаруға мүмкіндік береді.

Қазақстанның табиғи ресурстарына қызығушылықтың артуына байланысты халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін заманауи әрі сенімді зертханаларға сұраныс артып келеді. Қажетті зертханалардың жеткіліксіздігі бағалы металдар мен шикізат экспортын бақылау сапасының төмендеуіне әкеледі.

Аудиторлар 81 рәсімдік бұзушылық пен 16 жүйелі кемшілікті анықтады.

Тексеру нәтижелері бойынша Жоғары аудиторлық палата геологиялық барлау және жер қойнауын пайдалану саласын дамытуға бағытталған тиісті ұсынымдар мен тапсырмалар берді. Оларды іске асыру барысы бақылауда болады.

Апта талқысында: