Куәгер ретінде сотта Сергей Матюшенко сөз сөйледі. Ол – волонтерлікпен айналысқан әрі Қайрат құрған «Biz Birgemiz Kazakhstan» ұйымының құрылтай құжаттарында көрсетілген тұлға. Бүгінгі тыңдалым барысында Матюшенко құжаттардың біріне қол қоймағанын мәлімдеді. Осыдан кейін сот залында эмоциялық диалог болды.
– Екінші хаттамаға шынымен қол қоймағаныңызды растайсыз ба? – деп сұрады Перизат Қайрат.
– Растаймын, – деп жауап берді куәгер.
– Өтірік айтып тұрған жоқсыз ба? – деді айыпталушы дірілдеген үнмен.
– Жоқ, өтірік айтпаймын, – деді Матюшенко.
– Түсінесіз бе, бұл жерде менің тағдырым шешіліп жатыр, – деді Перизат көзіне жас алып.
– Перизат, мен хаттаманы өз көзіммен көрдім. Онда менің қолым жоқ, – деп жауап берді куәгер.
Осыдан кейін судья айыпталушыға ескерту жасап, куәларды қысым арқылы өзіне тиімді жауапқа итермелеуге болмайтынын еске салды.