Үкіметте өткен брифингте журналистер «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы қалай жүріп жатқанын және оған қандай жоғары оқу орындары қосылғанын сұрады.
«Заң қабылданды, қол қойылды. Шоттар ашылып жатыр, бағдарлама тым белсенді жүріп кетті. Ата-аналар «Келешек» бағдарламасы бойынша 70 мыңнан астам шот ашып үлгерген. Біз, шынымды айтсам, аздап қорқып отырмыз, себебі бастапқы капиталды есептеу керек. Барлық ірі ұлттық университеттер, бірнеше жекеменшік университеттер бұл жүйеге қосылды. Олар енді ата-аналарды ынталандыру үшін «Келешек» қорындағы жинағымен келген балаларға жеңілдік береді. Ең үлкен жеңілдікті Сәтпаев университеті беріп отыр, олар 50% жеңілдік ұсынуға дайын», - деп жауап берді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, егер түлек грант жеңіп алса, «Келешек» бағдарламасы бойынша жиналған ақшаны туған бауырларының оқуына жұмсауға, баспана сатып алуға немесе депозиттен шешіп алуға болады.
Осы орайда Саясат Нұрбек «Келешек» туралы халыққа ақпарат жеткізген журналистерге де ризашылығын білдірді.
«Бағдарлама өте жақсы басталды. Бізге қолдау білдірген бұқаралық ақпарат құралдарына да алғыс айтамыз. Ата-аналардың барлығына ақпарат жеткен», - дейді ол.
Айта кетері, «Келешек» бағдарламасы бойынша ашылған шотқа қаражат бірнеше көзден түседі:
мемлекеттен бастапқы капитал: жетім балалар үшін – 120 АЕК, қалған балалар үшін – 60 АЕК;
мемлекеттен сыйақы – 5-7%;
банктердің сыйақысы немесе инвестициялық табыс;
ата-аналардың жарнасы.