6 пәтер мен 19 көлік сатып алған: ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері қызының еміне жиналған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді
Қарағандыда ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері науқас баланың еміне жиналған ақшаны жымқырды деген күдікке ілінді, деп хабарлайды buginmedia.kz Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап.
Қарағандылық заңгер Асхат Сұлубектің айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қарағанды облысы бойынша департаментінің бұрынғы қызметкері Алмас Маханов жұбайымен бірге 6 айдың ішінде 9 жылжымайтын мүлік, оның ішінде Астананың орталығында 6 пәтер және 19 люкс көлік сатып алған. Ал бұған дейін ерлі-зайыптылар қыздарын Кореяда емдету үшін 135 миллион теңге жинаған. Сәбиге қан қатерлі ісігі диагнозы қойылған екен.
"Бұл жерде олар бұл мүлікті қандай қаражатқа және не үшін сатып алды деген сұрақ туындайды. Менің ойымша, тексерілуі керек”, – дейді заңгер Асхат Сұлубек.
Алайда ерлі-зайыптылар шынында да қызын Оңтүстік Кореяға апарып, аурудан емделіп келген. Барлық ақпарат әлеуметтік желілерде жарияланған.
Алмас Махановтың өзі түсініктеме беріп, қызы ауырып қалғанда барын сатып, несие алғанын, алайда ол ақшаның жетпегенін айтты. Сондықтан елден көмек сұраған. Қарызын өтеу үшін Алмас Маханов алып-сату арқылы ақша табуды жоспарлаған.
“Жылжымайтын мүлік сатып аламын, қайта сатамын, көлік сатып аламын, қайта сатамын. Мен достарымнан ақша алдым, сол ақшаны пайдаландым, ақша таптым, достарыма пайызымен төледім. Алаяқ іздеп жатсаңыздар, алаяқтық жоқ”, – дейді ҰҚК-нің бұрынғы қызметкері Алмас Маханов.
Алмас Махановтың айтуынша, ол пәтерлер мен көліктерді сатып, ақшасын қарыз берушілерге қайтармақ.
"Үміт сәулесі" балалар мен мүгедектерге көмек көрсету орталығының жетекшісі Татьяна Кравченко елде қайырымдылық арқылы ақша табудың схемалары жиі кездесетінін айтады. Оның айтуынша, ата-аналар балаларының емделуіне ақша жинауды өтініп ай сайын келеді екен, алайда дәлел сұрағанда арызданушылар із-түзсіз жоғалып кететін көрінеді.
Айта кетейік, қазіргі таңда аса ірі көледе халықтың ақшасын жымқырды деген күдікпен ерікті Перизат Қайраттың ісі тергеліп жатыр.
Перизат Қайрат - Biz Birgemiz Qazaqstan қайырымдылық қорының төрайымы, Қазақстандағы белсенді еріктілер қозғалысының жетекшісі ретінде танымал. Ол су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету, Газа секторындағы гуманитарлық миссиялар және басқа да қайырымдылық шараларымен айналысып, қоғамда беделге ие болды.
14 қарашада Қаржылық мониторинг агенттігі Перизат Қайрат 1,5 миллиардты жымқырды деген күдікке ілінгенін хабарлады.
Сонымен қатар, ол 2023 жылғы қарашада Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін қаражат жинап, оның 200 миллионын қалтасына басқан деген күдікке ілінді. ҚМА дерегінше, 2023 жылғы желтоқсанда осы ақша есебінен Перизат Қайрат Sensata Plaza элиталық кешенінен 49 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер және 30 миллион теңгеге Mercedes-Benz EQE 500 4 Matic жаңа көлігін сатып алған.
16 қарашада Астана қаласының тергеу соты Перизат Қайрат 2 айға қамауға алынғанын хабарлады.