Әлеумет

Астанада «Орда» тобы мен ресейлік танымал әншінің концерттеріне билет сатып алғандар күтпеген жайтқа тап болды

Астанада концерт билетін алаяқтық жолмен сату ісі анықталды, деп хабарлайды buginmedia.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Белгілі болғандай, елорда тұрғындары жалған концерт билеттерін сатып алып, алаяқтардың құрбаны болды. Жәбірленушілер танымал «Орда» тобының концертіне кіре алмай қалған сәтте ғана алданғандарын түсініп, бірден полицияға жүгінген.

Сол сияқты, басқа да азаматтар ресейлік танымал әншінің кешіне кіру үшін жалған QR кодтар сатып алған. Билеттердің құны 10 мыңнан 20 мың теңгеге дейін болған, ал жалпы келтірілген шығын шамамен 200 мың теңгені құрады.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы ауданының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері бұл алаяқтыққа 18 жастағы азаматтың қатысы бар екенін анықтады. Күдікті Instagram желісінде жалған аккаунт ашып, танымал әншілердің концерттеріне баруға мүмкіндік беретін, шын мәнінде жоқ билеттерді ұсынған.

Полиция қызметкерлері жәбірленушілер ақша аударған банктік шотты тексеру арқылы күдіктіні таба алды. Тергеу барысында жас жігіт өз кінәсін толық мойындап, тағы да 11 осындай алаяқтық әрекет жасағаны анықталды.