Білім

Ұстаздарға сынып жетекшілігі үшін қосылатын үстемақы 30%-ға өседі

Қазақстанда мұғалімдерге сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемақыны біртіндеп 30 пайызға ұлғайту жоспарланып отыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеген.

Бұл шара 220 мың педагогты қолдауға бағытталған.

«Балалардың деструктивті мінез-құлығының алдын алу бойынша тікелей ата-аналармен және оқушылармен жұмыс істейтін 220 мың сынып жетекшісінің қызметін жүйеге келтіру үшін олардың қызметі туралы ережелер мен біліктілік сипаттамалары қайта қаралып жатыр. Олардың мәртебесін көтеру үшін бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып, сынып жетекшілігі үшін төленетін үстемақыны кезең-кезеңмен 30%-ға ұлғайту мәселесі талқылануда», - делінген жауапта.

Бектеновтің мәліметінше, биыл 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 10 мың бала мектепішілік есепте тұр. Оларға әлеуметтік, психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіліп жатыр.

Үкімет басшысы «111» байланыс орталығы буллинг, суицид және зорлық-зомбылыққа жол бермеудің маңызды тетігіне айналғанын атап өтті. Мәселен, 2023 жылғы қыркүйек пен 2024 жылғы қыркүйек аралығында осы орталыққа хабарласқан 18 783 әйел мен балаға көмек көрсетілген.