Білім

"Түнде, тұманда, боранда жүруге болмайды": оқушыларды тасымалдау ережесі жарияланды

Балалардың құқықтарын қорғау комитеті кәмелетке толмағандарды тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті қамтамасыз ететін арнайы алгоритмді жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz

Құжатта мектеп директорларының міндеттері, тасымалдау алгоритмі және жүргізушілерге қойылатын талаптар көрсетілген.

Жолға шығар алдында тізім бойынша тексеру жүргізілуі керек. Сонымен қатар  оқушыларды медициналық қызметкер алып жүруі қажет.

«12 жасқа дейінгі балаларды арнайы ұстайтын құрылғылармен немесе балаларды қауіпсіздік белдіктерімен бекітуге мүмкіндік беретін басқа құралдармен ғана тасымалдауға болады», – делінген ережеде.

Сапардың ұзақтығы төрт сағаттан аспауы тиіс. Сонымен бірге 7 жастан асқан балаларды ғана тасымалдауға рұқсат етіледі.

Жүргізушіге қатысты, ол жылдамдықты 60 шақырым/сағ дейін шектеуге және қатаң түрде бағытты сақтауға міндетті. Артық жүк тасымалдауға және автобустың салонында балалар болған кезде оны тастап кетуге, сондай-ақ отырғызу мен түсіру кезінде орынсыз жүруге тыйым салынады. Жүргізушінің жасы кемінде 25 болуы, ал жұмыс өтілі бес жылдан кем болмауы қажет.

Балаларды автобуспен тасымалдауға сағат 22,00-ден 06.00-ге дейін рұқсат етілмейді, ал көріну нашар кезде – тұман, қарлы боран, жаңбыр болған жағдайда жол жүруге болмайды.