Қазақ тілін мазақ қылған Черчесовке айыппұл салынды
Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесов баспасөз мәслихаты кезіндегі сөзі үшін айыппұл төлейтін болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл жағдай әлеуметтік желіде көпшіліктің қызу талқысыныа түсті. Бас бапкердің бұл өрескел әрекеті үшін Қазақстан футбол федерациясы тарапынан айыппұл салынды. Айыппұл көлемі – 200 айлық есептік көрсеткіш (738 400 теңге).
Еске салсақ, аталған жағдайға байланысты ҚР Туризм және спорт министрлігі бұл жағдайға бейжай қарамай, Қазақстан футбол федерациясына ресми хат жолдап, бас бапкердің әрекетіне қатысты Футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап еткен болатын.
Айта кетсек, ел құрамасының Ұлттар лигасы аясында өз алаңымызда өткен Словениямен кездесуінен кейін оған ПСЖ жейдесін киген журналист қазақ тілінде сауал қойған еді. Бас бапкер сұрақ қойған журналистке «Француз тілінде сұрақ қойып тұрсың ба?» деп айтқан болатын.
«Әлеуметтік желілерде жарияланған футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтің қазақ тіліне құрмет көрсетпеуіне қатысты видеоға байланысты Қазақстан футбол федерациясы жағдайды түсіндіріп өту қажет деп санайды. Жазбада видеоның үзіндісі көрсетілген. Негізі бұл сұрақты Францияның ПСЖ клубының формасын киіп жүрген қазақстандық журналист Бегасыл Сейітқанов баспасөз мәслихатында қойғаннан кейін бас бапкер әзілдеп жауап қайтарған болатын. Станислав Черчесов қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды, сонымен қатар қазақ тілін белсенді түрде оқып жатқанын мәлімдейміз», - деп түсініктеме берді Футбол федерациясының баспасөз қызметі.