Путин Асадқа саяси баспана берді
Сирияның Экс-президенті Башар Асад Мәскеуге келді, Ресей оған саяси баспана берді, деп жазады ресейлік ТАСС.
ҚазАқпараттың жазуынша, Башар Асадқа және оның отбасына саяси баспана беру туралы шешімді Ресей президенті Владимир Путин қабылдады. Бұл туралы Ресей басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге хабарлады.
- Әрине, мұндай шешімдерді мемлекет басшысынсыз қабылдауға болмайды. Бұл оның шешімі, - деді Кремль өкілі.
Сонымен бірге, Кремль өкілі бұл туралы ресми мәлімдемелер болмағанын, «кеше дереккөзден ақпарат тарағанын» атап өтті.
- Мен қазір бұл тақырып бойынша ештеңе айта алмаймын, - деп атап өтті Песков.
27 қарашада қарулы оппозициялық құрылымдар Алеппо мен Идлиб провинцияларында Сирия армиясының позициясына үлкен шабуыл жасады. 7 желтоқсанда кешке қарай олар бірнеше ірі қалаларды (Алеппо, Хама, Дераа және Хомс) басып алып, 8 желтоқсанда Дамаскке кірді, Сирия үкімет күштерінің бөлімшелері қаладан кетті. Сирия үкіметінің басшысы Мұхаммед Ғази Әл-Жалали республикада билікті бейбіт жолмен беруге дайын екенін білдірді.
Ресей СІМ мәлімдемесінде айтылғандай, Асад Сирия президенті қызметінен кетіп, билікті бейбіт жолмен беру туралы нұсқау беріп, елден кетті. Кейінірек Кремльдегі дереккөз Асадтың отбасы мүшелерімен бірге Мәскеуге келгенін хабарлады. Ресей гуманитарлық сипаттағы себептерге сүйене отырып, оларға баспана берді.