Әлеумет

ТЖМ мереке қарсаңында қазақстандықтарға үндеу жасады

Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды демалыс және мереке күндері қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Ведомствоның хабарлауынша, жаппай өткізілетін  іс-шаралар мен адамдардың, әсіресе қыста таза ауада демалу оқиғаларының көбеюіне байланысты төтенше жағдайлардың алдын алу маңызды.

Аппараттық кеңес барысында Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов ведомствоның аумақтық бөлімшелеріне алдын алу шараларын күшейту және қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Өрт қауіпсіздігі, судағы, таудағы қауіпсіз жүріс-тұрыс және жол қозғалысы ережелерін сақтау мәселелері бойынша азаматтармен түсіндірме әңгімелесуге ерекше назар аударылатын болады.

«Қауіпсіздік ережелерін сақтау көптеген оқиғалардың алдын алады. Біз профилактикалық жұмысты күшейтіп, азаматтарды мұқият болуға шақырамыз», - деді ТЖМ басшысы.

2024 жылғы 14 желтоқсаннан бастап ТЖМ бөлімшелері ТЖ қаупінің жоғарылауына байланысты қызметтің күшейтілген режиміне көшуде. Бұған қосымша рейдтер, жаппай өткізілетін іс-шараларды бақылау және демалыс орындарындағы қауіпсіздік кіреді. Сонымен қатар өрт-тактикалық жаттығулар, бизнес объектілерінің қызметкерлерімен нұсқамалар және ұсынымдар бере отырып, комиссиялық тексерулер өткізілетін болады.

 ТЖМ азаматтарға қауіпсіздіктің негізгі ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді:

 Өрт қауіпсіздігі: жылыту және электр аспаптарын пайдалану кезінде абай болыңыз, балаларды қараусыз қалдырмаңыз, пиротехниканы пайдалану кезінде қауіпсіздік шараларын сақтаңыз

 Судағы қауіпсіздік: жұқа мұзға шықпаңыз, су айдындарында жүріс-тұрыс ережелерін сақтаңыз, балалардың қараусыз судың жанында болуына жол бермеңіз.

 Таудағы қауіпсіздік: тексерілген жабдықты пайдаланыңыз, тиісті дайындықсыз және маршрутты білмей тау маршруттарына шықпаңыз.

 Жол қауіпсіздігі: жол ережелерін сақтаңыз, әсіресе қысқы ауа-райында және көлікті басқару кезінде мұқият болыңыз.