Елдің ең әдемі аруы атану үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 20 қыз бақ сынады. Байқауға қатысуға 2 мыңнан астам сұлу өтініш берген. Бірнеше кезеңді қамтыған, финалдық байқау Алматыда өтті.
Биылғы байқаудың ұраны – The аrt оf being a Woman. Яғни, Қазақстандағы сұлулық байқауы кез келген қызмет салаларындағы әйелдерді қамтитынын, мұнда қатысушылардың сыртқы келбетіне ғана баса назар аудармайтынын айғақтайды.
Әділ қазылар баға берер кезде қыздардың бойындағы тартымдылықпен қоса көп алдында сөйлей алу қасиеттеріне де ерекше мән берді. Байқау нәтижесінде 5 ару арнайы атаққа ие болды.
«Қазақстан вице-аруы 2024» атағы Айдана Әбілқасоваға берілді. Ал «Жер аруы 2024» атағын Томирис Қадырхан иеленсе, «Ғалам аруы 2024» атағын Дана Алмасова алды. «Қазақстан аруы 2024» номинациясына Бағым Балтабаева лайық деп танылды.
Еске салсақ, өткен жылы 21 жастағы Сабина Ыдырысова «Қазақстан аруы» атанған еді.