Жұмыссыз қалған жағдайда қалай төлем алуға болады?
2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 236,1 мың адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл 190,2 мың жұмыссыз адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Төлемдердің жалпы сомасы 62,2 млрд теңге болды.
КІМ АЛАДЫ
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған жұмыскерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 45%-ына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
ТӨЛЕМ АЛУ ҮШІН НЕ КЕРЕК
Төлем тағайындау үшін жұмыстан босатылған жұмыскерге:
- eGov.kz порталында авторизациялану;
- «Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту» бөлімінде «Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу» қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған ЭЦҚ-мен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі мансап орталығы (бұдан әрі – МО) бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде қашықтықтан жұмыссыз мәртебесі беріледі (қажет болған жағдайда сізге МО қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады);
Бұл қызметті онлайн режимінде Электрондық еңбек биржасы (enbek.kz) арқылы да алуға болады.
ЖҰМЫСТАН ШЫҒУ СЕБЕБІНЕ ҚАРАМАЙДЫ
Жұмыссыз ретінде тіркелу туралы мәліметтер болған кезде Еңбекминінің ақпараттық жүйесі проактивті форматта МӘСҚ-тан төлемді тағайындау бойынша қызмет көрсетуге келісу үшін мобильді телефонға SMS-хабарлама жібереді. Келіскен жағдайда SMS-хабарламаға жауап беру қажет. Төлем автоматты түрде тағайындалады.
Естеріңізге сала кетейік, МӘСҚ қаражаты есебінен жұмыстан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем жұмыстан шығу себептеріне қарамастан жүзеге асырылады және жұмыссыз адамды ол жұмыс іздеген кезеңде қолдауға арналған.