Әлеумет

8 млн адам декларациядан босатылады: олардың Kaspi-аударымдары тексеріле ме?

Қазақстанда міндетті декларацияға ілікпейтін 8 млн адамның Kaspi-аударымдарды бақылана ма? Ulysmedia.kz порталының бұл сұрағына қаржы вице-министрі Ержан Біржанов жауап берді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

"Студент болсын, зейнеткер болсын, олар – төртінші кезеңіне (декларацияның) өткелі жатыр. Олар декларациядан босатылады. Бірақ олардың банк шоттары кәсіби жағдайда пайдаланылатын болса, олар бақылауға алынады. Критерийлерден асса, барлық азаматтар бойынша тексеріс болады", – деп жауап берді  Ulysmedia.kz тілшісінің сұрағына Ержан Біржанов.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігі 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін жеке тұлғаларда қандай деректер барын жинап алып, жеке кабинетіне салып қояды. Жеке тұлғалар өз еркімен декларация тапсыра алады. Бірақ егер 2026-2027 жылдары жеке тұлғалардың атына белгісіз активтер тіркелсе, оларға салық органдары бақылау шараларын қолданады. 

"Бәрін босатып, бақылау жүргізілмейді деген сөз емес", – дейді ол.

Еске сала кетейік, өткен аптада Үкіметте жалпыға бірдей декларациялау жөнінде маңызды мәлімдеме жасалған еді. Қаржы министрі Мәди Такиев алғашқы үш кезең аясында жалпыға бірдей декларациялау жүйесінен 4,8 миллион адам өткенін айтады. Оның ішінде мемлекет қызметкерлері, коммерциялық ұйымдардың, квазимемлекеттік сектордың басшылары мен құрылтайшылары, олардың жұбайлары бар. 2025 жылы декларация тапсыруға тиіс 8 миллион адамды қаржы министрі декларация ұсынудан босатуды ұсынды. Премьер-министр Олжас Бектенов айтылған ұсынысты қолдап, қаржы, ұлттық экономика және әділет министрліктеріне үш күн ішінде заңнамаға қажетті түзетулер дайындап, парламент қарауына енгізуді тапсырды.