16 жастағы Шерзаттың өлімі: Полиция Талғардағы қайғылы оқиғаның видеосын көрсетті
ІІМ өкілдері Талғарда 16 жастағы Шерзат Болат қаза тапқан түні түсірілген видеоны көрсетті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
4 қазанға қараған түні Талғардағы "Қамажай" дүкенінде болған оқиғаның виеосы көрсетілді.
Кадрларда Шерзатты өлтірген күдікті екі бөтелке сыра мен төрт қорап темекі сатып алғаны көрінеді. Шамасы, төлем бірден түспеген болса керек. Транзакция аяқталған уақыттан кейін ер адам тағы бір бөтелке сыра сатып алып, қолма-қол ақша төлейді. Кейінірек күдікті дүкенге оралып, телефонын қуаттап алуды сұрайды. Бірнеше минуттан кейін ол телефонға оралады. Кейінірек оқиға көшеде өрбиді. Сол жерде төбелес басталған.
Еске сала кетейік, Алматы облысында жас жігіттердің төбелесі 16 жастағы жасөспірімнің өлімімен аяқталған. Марқұм дүкенде сауда жасап тұрған әкесімен ерегескен клиентпен төбелескен. Бұрын тараған ақпараттарға қарағанда, клиент дүкеннен сыра алып, ақшасын төлемей кетпек болған. Төбелес сол үшін туындаған. Сыраны тегін алып кетпек болған жігіт жақтастарын шақырып, әкесі мен баласын, туыс ағасын соққыға жыққан. Бір топ жігіт жасөспірімді тепкілеп жатқанын маңайдағы тұрғындар видеоға түсіріп алған. 10-сыныпта оқитын Шерзат Болат ата-анасының дүкеніне кездейсоқ келген.
Прокуратура Талғардағы жасөспірімнің өліміне қатысты мәлімдеме жасап, «әділ тергеуге кепілдік береміз» деп ақпарат таратқан. Алайда тергеушілерге сенбеген марқұмның туған-туыстары көшеге шығып, әділдікті талап етті. Олар сол түні болған 13 адамның орнына 7 адамның ғана қамалғанына наразылық білдірді.
Қаза тапқан жасөспірімнің әкесі бейнебақылау камерасының жазбасын әлдекімдер өшіріп тастағанын айтқан еді. Алайда ІІМ ол мәліметті жоққа шығарды.
Айта кетейік, бұған дейін Талғарда кісі қолынан қаза тапқан жасөспірімнің әкесі Қазақстанда әділждік жоқ екені айтып, көшетінін мәлімдеген болатын.