Әлеумет

Шетелден Қазақстанға 7 айлық сәби қайтарылды

ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 7 айлық Қазақстан азаматы Ресей Федерациясынан елге оралғанын мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Келген бойда бүлдіршін балалар ауруханасына қаралып, тексерілу үшін жатқызылды. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты. Медициналық шаралар аяқталған соң нәресте «Балалар үйі» КММ-не жіберіледі. Баланы алып келу процесіне әдіскер-қамқоршы және анестезиолог-реаниматолог қатысты.

«Біз үшін әрбір баланың қандай жағдай болса да, қажетті қолдау алуы маңызды. Сондай-ақ, еліміздің әрбір азаматына барынша қамқорлық көрсетіп, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысудамыз. Тиісті органдар мен мамандар кішкентай нәрестені елге қайтару үшін орасан зор жұмыс атқарды. Осы жақта оның өсіп-жетілуі үшін білікті мамандар қолдан келгеннің бәрін істейді», – деп атап өтті ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.

«ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті балалардың қауіпсіздігі мен әл-ауқатын қамтамасыз ете отырып, олардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі белсенді жұмысты жалғастыруда. Біз қажет болған жағдайда балаларды Отанына қайтару үшін бар күш-жігерімізді саламыз және олардың кәсіби мамандардың қамқорлығында болуын қамтамасыз етеміз», – делінген хабарламада.