Әлеумет

СҚО-да 10 миллион теңге пара алған шенеуніктер сотталды

Биыл 30 қазанда Петропавл қалалық соты Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданы әкімінің орынбасары, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы және ЖШС директорына қатысты үкім шығарды,  деп хабарлайды buginmedia.kz.

Антикордың мәліметінше, аудан әкімінің орынбасары және аудандық ТКШ бөлімінің басшысы аудандық маңызы бар жолдарды ағымдағы жөндеу бойынша орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны үшін 10 млн теңге көлемінде пара алғаны үшін, ал ЖШС директоры пара бергені үшін кінәлі деп танылды.

"Сот үкімімен аудан әкімінің орынбасары 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды, аудандық ТКШ бөлімінің басшысы – 7 жылға, ЖШС директоры – 3 жыл 6 айға сотталды", - делінген хабарламада.

Бұдан басқа, сотталғандарға мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқаруға өмір бойы тыйым салынды.

Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.

Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.