Спорт

Қазақстанда 120 спорт түрін қаржыландыру тоқтатылады

Елімізде 120 спорт түрін қаржыландыру қысқартылады. Бұл туралы ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлім етті, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ерлан Саиров Қазақстанда 180 түрі тіркелгенін және оның көбісі жайында халық хабарсыз екенін айтты.

«Триатл, петанк, текбол, унифайт сияқты ешкім білмейтін спорт түрлерін тіркеп, оны бюджеттен қаржыландырудың қажеті қанша?! Мәселен, Ұлыбританияда тек қана 15 спорт түрі, ал көрші Өзбекстанда 17 спорт түрі тіркелген, сондай-ақ Германияда да 17 спорт түрі тіркелді. Қазақстанда 180-і тіркеуден өткен. Енді осы заң аясында спорт түрлерінің тағдыры қалай болады? Мына ешкім білмейтін спорт түрлеріне бюджеттен ақша бөлу тоқтай ма?», - деп сұрады депутат.

Өз кезегінде министр кейінгі кезде қоғамда осы мәселе жиі көтеріліп жүргенін айтты.

«Біздің мақсатымыз – 180 спорт түрінің ішінен басымдық берілетін бағыттарын анықтау. Бұл жұмыстар бүгін Мәжілісте талқыланған заң жобасы аясында ескерілген. Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Пара Азия ойындары бағдарламасына енгізілген спорт түрлері, сондай-ақ ұлттық спорт түрлерін басымдық берілетін бағыт ретінде бекітеміз. Осы орайда 60-қа жуық спорт түрі болады. Сонымен қатар, министрлік жағынан мониторинг тобы құрылды және әр өңір бойынша тиісті талдау жұмыстары атқарылып жатыр. 60 спорт түрін тек бір өңірде дамыту керек деп айтпаймыз, яғни географиялық орналасуына, мықты жаттықтырушылардың қалыптасуы жағдайына, инфрақұрылымға байланысты әр өңірге басым спорт түрлерін бекітеміз», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ нормалардың артық заңнамалық регламенттелуін болдырмау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.