Білім

Аймағамбетов 10-11-сынып оқушыларына колледжде қатар оқуға мүмкіндік беруді ұсынды

Елімізде 11-сынып бітірген түлектердің 50 мыңы қайтадан колледждерге түседі және бір пәнді қайталап оқуға мәжбүр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды buginmedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«10-11 сынып оқушыларына өз таңдауы бойынша мектептегі оқуымен бірге колледждерде параллельді түрде оқуға мүмкіндік беру ұсынылады. Мысалы ауылдарда бала түске дейін бір ауысымды мектепте оқиды, ал түстен кейін – колледжерде қосымша мамандық алып шығуға мүмкіндік беруші едік. Бүгінде 11-сынып бітіргендердің 50 мыңы қайтадан колледждерге түседі, тағы да сол пәндерді қайталап оқиды. Сондықтан біздің ойымызша колледждерде параллель оқуға мүмкіндік беру ақшаны да, баланың уақытын да тиімді жұмсауға мүмкіндік береді және мектепті бітіргенде аттестатпен қатар, нақты біліктілігі бар диплом алып шығады», - деді Асхат Аймағамбетов Мәжілісте «Қазақстанның еңбек нарығын дамыту және кадрлық әлеуетін нығайту» атты Үкімет сағатында.

Колледждер бойынша қазір әр өңір өз қажеттілігін өзі анықтап, мемлекеттік тапсырысты өздері орналастырады. Оған жалпы мониторинг жүргізілмейді. А. Аймағамбетов колледждер бойынша бірыңғай білім беру тапсырысын қалыптастыру мен жедел басқаруды Оқу-ағарту министрлігіне тікелей беру мәселесін қарастыруды ұсынды.

«Колледждер жанындағы оқу-өндірістік комбинаттар тәжірибесін қайта бастау қажет. Бірақ мектептер жанында оларды ашу мүмкін еместігін түсіну керек, оған ғимарат та, қаражат та жоқ.

Ал колледждердің әлеуетін пайдалану әбден мүмкін. Осы жобаны енгізіп, мектептер мен колледждер арасындағы өзара байланысты орнату қажет.

Колледждердің материалдық-техникалық жабдықталуын аяқтау қажет, «Жас маман» жобасы аясында 180 колледж жабдықталды, енді тағы 180 колледжді аяқтаған жөн. Колледждегі гранттың құнын айтарлықтай ұлғайту қажет, және бір студентті оқыту құнының әдістемесінде практикалық жұмысқа, шығын материалдарына және жабдықтарға жұмсалатын шығындарды ескеру керек», - деді А. Аймағамбетов. 

Сонымен бірге, нақты кәсіпорынның өзіне мақсатты білім гранттарын беру тәжірибесін енгізу ұсынылды. 

«Яғни грант жұмыс берушінің өзіне беріледі, ол болашақ жұмысшыларын — кәсіпорынның өзі таңдайды. Өз кезегінде жұмыс беруші түлекті жұмысқа орналастыру туралы кепілдеме береді, дуальді оқытудағы практика орнын, білім беру бағдарламасын әзірлеуге қатысуды да кепілдейді.

Ал біз ол студенттерді оқуын аяқтағаннан кейін осы кәсіпорында жұмыс істеу міндетін заңнамалық түрде енгізуді жоспарлап отырмыз», - деді Мәжіліс депутаты.