Әлеумет

Астаналық келіншек бұрынғы енесін сотқа берді

Талап қоюшы Д. немерелерін күтіп-бағу үшін алимент және алимент бойынша берешекті өндіру туралы талап қоюмен ювеналды сотқа жүгінді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Астана қаласының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының хабарлауынша, талапта жауапкердің борышкердің анасы және кәмелетке толмаған балалардың әжесі екені, ал балалардың әкесінің материалдық көмек көрсетпейтіні және алимент төлемейтіні уәжделген.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің (әрі қарай - Кодекс) 152-бабына сәйкес өздерінің еңбекке жарамды ата-аналарынан, бірге туған кәмелетке толған еңбекке жарамды ағалары мен апаларынан күтіп-бағу қаражатын алуға мүмкіндік болмаған жағдайда, кәмелетке толмаған көмекке мұқтаж немерелердің өздерінің алимент төлеуге қажетті қаражаты бар әжесі мен атасынан сот тәртібімен алимент алуға құқығы бар.

Сот осы баптың мәнін ескере отырып, егер балалардың еңбекке қабілетті әкесінен алимент алу мүмкін болмағанда ғана талап қоюшы кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу үшін алиментті ата-әжелерінен өндіруге құқылы деп тапты.

Сонымен қатар, Кодекс нормалары бойынша кәмелетке толмаған балаларды күтіп-бағу жауапкершілігі бірінші кезекте ата-аналарына жүктеледі.

Отбасының басқа мүшелерінің алименттік міндеттемелері ата-анасынан олардың жасына немесе науқастығына (мүгедектігіне) байланысты алимент өндіру мүмкін болмаған жағдайларда ғана қаралуы мүмкін.

Сот жоғарыда аталған мән-жайларды ескере отырып, кәмелетке толмаған балалардың ата-анасы тірі және дені сау, балалардың әкесі еңбекке, балаларын асырауға қабілетті деген қорытындыға келді.

Алимент төлеуден жалтару әжесінен алимент өндіруге негіз болып табылмайды.

Осыған сәйкес, сот талап қоюды қанағаттандырудан бас тартты.

Шешім заңды күшіне енді.