Үйінде миллиондар жасырған әйел сұмдық жағдайға тап болды
АҚШ-тағы Индианаполис қаласында миллионер әйелдің үйінен 5 миллион доллардан астам қолма-қол ақша табылған. Алайда бұл байлық оның өмірін сақтап қала алмады. 66 жастағы Маржори Джексон үйінде атып өлтірілген. Қылмыскерлер оның ақшасын ұрлап, іздерін жасыру үшін үйге өрт қойған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бір қызығы, полицейлер өрттен кейін үйді тексергенде, ұрылар байқамай кеткен миллиондаған долларды да тапқан. Ал қылмыстың артында тұрған адамдар көп ұзамай өздерінің ақшаны қалай жұмсағаны арқылы әшкереленген.
Банктегі ақшасына сенбеген миллионер
Маржори Джексонның байлығы күйеуі Честер Джексоннан қалған. Ол Индиана штатындағы ірі Standard Grocery азық-түлік желісінің мұрагері болған.
1970 жылы күйеуі қайтыс болғаннан кейін Маржори шамамен 14 миллион доллар мұраға алған.
Бірақ оның банктерге деген сенімі бір оқиғадан кейін жоғалған. Банк қызметкері оның есепшотынан шамамен 700 мың доллар жымқырғаны белгілі болған соң, әйел ақшасын банкте сақтаудан бас тартады.
1976 жылы ол банктен миллиондаған долларды қолма-қол шешіп алып, үйіне таси бастаған. Ақшаны шкафтарға, құрал-сайман жәшіктеріне, қоқыс шелектеріне, тіпті шаңсорғыштың шаң жинайтын қапшығына дейін жасырған.
Осылайша оның үйінде орасан зор ақша жиналған.
Миллионердің үйіне ұрылар қалай түсті?
Маржоридің үйінде көп ақша сақтайтыны туралы әңгіме көршілер арасында тарай бастаған.
1976 жылы бірнеше жас жігіт оның үйіне ұрлыққа түсіп, шамамен 800 мың доллар мен бағалы әшекейлерді алып кеткен. Бірақ әйел полицияға шағымданудан бас тартқан.
Бұл жағдай ұрылардың оны тағы да тонауына жол ашты.
1977 жылғы мамырда Ховард Уиллард пен Мануэль Робинсон оның үйіне қайтадан басып кірген. Олар шамамен 160 мың доллар ұрлаған. Екі күннен кейін үйге тағы оралған кезде Маржори оларды байқап қалған.
Осы кезде әйелге оқ атылған. Сот материалдарында оны Мануэль Робинсонның винтовкамен атқаны көрсетілген.
Қылмысты жасыру үшін үйді өртеген
Ұрылар қылмыстың ізін жасыру үшін үйге өрт қойған. Бірақ жалын бүкіл үйді жойып жібере алмаған.
1977 жылғы 7 мамырда өрт сөндірушілер үйге келгенде, Маржоридің мәйітін асүйден тапқан.
Полицейлер үйді тексеру барысында әр жерге жасырылған 5 миллион доллардан астам ақшаны анықтады. Оның бір бөлігі қоқыс шелегінен, енді бірі құрал-сайман жәшіктерінен және шкафтардан табылған.
Ал ұрылар кемінде 3 миллион долларды алып кеткен деген болжам болды.
Қылмыскерлер ақшаны жұмсап жүріп ұсталды
Тергеу барысында күдіктілердің бірі ұрланған ақшамен қымбат Lincoln Continental көлігін сатып алғаны белгілі болды. Ол көлікті сатып алғаннан кейін көп ұзамай басқа көлікке айырбастауға қайта барған.
Олардың қымбат заттарға ақша шашуы полицияның күдігін күшейткен.
Нәтижесінде Ховард Уиллард пен оның сыбайластары ұсталды. Сот Уиллардты Маржори Джексонды өлтіргені үшін кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырды.
Ал Мануэль Робинсон кісі өлтіру айыбы бойынша ақталғанымен, осы қылмысқа байланысты басқа баптар бойынша кінәлі деп танылды.
Миллиондардың тағдыры не болды?
Маржоридің өлімінен кейін үйінен табылған ақша мен ұрланған қаражатқа қатысты тергеу ұзақ уақыт жалғасты. Ұрланған ақшаның бір бөлігі қайтарылғанымен, миллиондаған доллардың тағдыры туралы сұрақтар туындады.
Бұл оқиға АҚШ тарихындағы ең көп талқыланған тонау мен кісі өлтіру істерінің біріне айналды.
Маржори Джексонның оқиғасы байлықтың өзі қауіпсіздікке кепіл бола алмайтынын көрсетті. Ол банктерге сенбей, миллиондарын үйіне жасырғанымен, дәл осы құпиясы қылмыскерлердің назарына іліккен.