Тағы бір лауазымды тұлға ұсталды
Алматыда Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры Ержан Күлдеевке қатысты қылмыстық іс тергеліп жатыр. Бұл ақпаратты Алматы прокуратурасы растады, деп хабарлайды buginmedia.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бұған дейін әлеуметтік желілерде Satbayev University проректорының ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын.
Прокуратураның мәліметінше, Ержан Күлдеев пен өзге де тұлғаларға қатысты сыбайлас жемқорлық белгілері бар бірнеше қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Алматы прокурорының бірінші орынбасары Санат Талқанбаевтың агенттікке берген жауабында күдіктілерге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылғаны айтылған.
«Бас прокуратураның ведомствоаралық тергеу-жедел тобы Е.И. Күлдеев және басқа да тұлғаларға қатысты бірқатар сыбайлас жемқорлық бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», – делінген прокуратура жауабында.
Сондай-ақ Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының санкциясымен іске қатысы бар тұлғалар қамауға алынған.
Алайда прокуратура қылмыстық істердің нақты қай баптар бойынша тергеліп жатқанын жарияламады. Қадағалау органының түсіндіруінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпаратты жария етуге болмайды.
Бір қызығы, университеттің ресми сайтында Ержан Күлдеев әлі де басқарма құрамында корпоративтік даму және стратегиялық жоспарлау жөніндегі проректор ретінде көрсетілген.
Kazinform редакциясы университеттен оның қазіргі уақытта қызмет атқарып жүрген-жүрмегенін сұраған. Алайда оқу орны бұл сауалға жауап бермеген.