Сайлау алдында үгіт жүргізгендерге айыппұл салынады: Бас прокуратура ескерту жасады
Қазақстанда 29 қарашада өтетін мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы қарсаңында Бас прокуратура сайлау заңнамасын бұзғандарға ескерту жасады. Ведомство мәліметінше, осы уақытқа дейін сайлау ережелерін бұзудың 13 дерегі анықталған. Оның жетеуі үгіт жүргізуге тыйым салынған уақытта үгіт жасауға қатысты, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Прокуратураның хабарлауынша, заң бұзған барлық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Үгіт жүргізу қашан аяқталады?
«Сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес, сайлау алдындағы үгіт 28 қараша сағат 00:00-де аяқталады. Яғни 28 және 29 қараша күндері кез келген үгіт жүргізуге тыйым салынады.
Бұл уақытта кандидаттар мен партияларды қолдайтын жаңа үгіт материалдарын жариялауға болмайды. Алайда бұған дейін көшелерге ілінген плакаттарды орнында қалдыруға рұқсат етіледі. Интернетте бұрын жарияланған үгіт материалдарын да өшіру міндетті емес. Бірақ оларды сайттардың басты бетіне қайта шығаруға болмайды.
Сонымен қатар дауыс беру күні толтырылған бюллетеньді суретке немесе видеоға түсіріп, оны таратуға тыйым салынады.
Үгіт жүргізгендерге қанша айыппұл салынады?
Үгітке тыйым салынған уақытта заң бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 102-бабы бойынша айыппұл салынады.
Айыппұл мөлшері:
Жеке тұлғаларға – 15 АЕК;
Шағын кәсіпкерлік субъектілері мен коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК;
Орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 25 АЕК;
Ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – 35 АЕК.
Сайлау туралы сауалнама жариялауға да болмайды
Бас прокуратура сайлауға қатысты сауалнамалар мен болжамдарды жариялауға да шектеу қойылғанын еске салды.
Атап айтқанда, дауыс беруге дейінгі соңғы бес күнде және сайлау күні бұқаралық ақпарат құралдары мен онлайн-платформаларда қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, сайлау қорытындысына қатысты болжамдарды және кандидаттар мен партияларды қолдау көрсеткіштерін жариялауға болмайды.
Сондай-ақ дауыс беру учаскелерінің ішінде қоғамдық пікір сұрауға тыйым салынады.
Бұл талапты бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 120-бабы бойынша жеке тұлғаларға 10 АЕК, заңды тұлғаларға 25 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
Бұдан бөлек, митинг, жиналыс, шеру және пикет өткізу кезінде де заң талаптарын сақтау қажет. Белгіленген тәртіпті бұзғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 488-бабы бойынша жауапқа тартылады. Ал мұндай әрекеттер азаматтардың, ұйымдардың немесе мемлекеттің заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірсе, Қылмыстық кодекстің 400-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік туындауы мүмкін.
Бас прокуратура бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жалған ақпарат таратуға да болмайтынын ескертті. Мұндай әрекеттер үшін жағдайға қарай Қылмыстық кодекстің 274-бабы және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.
Ведомство сайлау процесіне қатысушыларды заң талаптарын сақтауға және құқық бұзушылыққа жол бермеуге шақырды.