Әлеумет

«Қуанышым ұзаққа бармады»: жүргізуші несиеге алған жаңа HAVAL JOLION көлігінің екі айдан кейін дұрыс жүрмей қалғанына шағымданды

Астана тұрғыны тамыз айында Mycar автосалонынан 2026 жылғы жаңа HAVAL JOLION көлігін несиеге сатып алған. Алайда жаңа көліктің қызығын ұзақ көре алмапты. Арада екі ай өткенде машина бір жаққа қарай тарта бастаған. Кейін көлікте ақау бар екені анықталған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Әйелдің айтуынша, 30 қазаннан бері көлігі жөндеу орталығында тұр. Мамандар мәселені бірнеше рет шешуге тырысқанымен, әзірге нәтиже жоқ.

«Көлікті төрт реттен көп жөндеуге алды. Басқа көліктердің бөлшектерін салып көрді, әртүрлі жөндеу жұмыстарын жасады. Өндіруші мен дистрибьюторға да хабарласты. Бірақ ештеңе көмектеспеді», – дейді көлік иесі.

Оның сөзінше, көлік әлі де оң жаққа қарай тартады. Руль де түзу тұрмайды. Бірақ автосалон қызметкерлері мұны қалыпты жағдай деп санап, көлікті жүргізе беруге болатынын айтқан. Әйел мұнымен келіспейді.

Ол жаңа көлік сатып алғанда сапасына, қауіпсіздігіне және жайлылығына сенгенін айтады. Алайда үміті ақталмаған.

Бір қызығы, көліктің жүрген жолы небәрі 4 500 шақырым. Автосалон әйелге уақытша басқа көлік берген. Бірақ бұл оның мәселесін шешпеген. Себебі өз көлігі әлі жөнделмеген, ал несие төлеуін жалғастырып жатыр.

«Жаңа көлікті қомақты ақшаға, оның үстіне несиеге алдым. Енді алаңсыз жүремін деп ойлаған едім. Бірақ керісінше, уақытым мен жүйкемді жөндеу орталығына жұмсап жүрмін. Ақауы бар екенін қайта-қайта дәлелдеу керек болса, кепілдік не үшін беріледі» – деп жазды ол.

Көлік иесі ресми дилерден сатып алған жаңа автомобильдің ақауы әлі күнге дейін жөнделмегеніне наразы.