Әлемде

Ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін 2 минуттан соң апатқа ұшырады: 113 адам қаза тапты

2000 жылы Францияда әлемге әйгілі Concorde жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 113 адамның өмірін қиды. Парижден Нью-Йоркке бағыт алған әуе кемесі ұшу-қону жолағынан көтеріле салысымен өртеніп, шамамен 90 секундтан кейін қонақүйдің үстіне құлаған. Борттағы 109 адамның ешқайсысы аман қалмады. Жерде болған тағы төрт адам көз жұмды, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Қайғылы оқиға 2000 жылғы 25 шілдеде Париждегі Шарль де Голль әуежайында болған. Air France әуе компаниясына тиесілі Concorde ұшағы AF4590 рейсімен Нью-Йоркке бет алған.

Бортта 100 жолаушы мен тоғыз экипаж мүшесі болған. Жолаушылардың басым бөлігі Германиядан келген туристер еді.

Ұшақ сағат 14:42 шамасында ұшу-қону жолағымен қозғала бастаған. Бәрі қалыпты көрінгенімен, бірнеше секундтан кейін әуе кемесінің сол жақ шассиіндегі дөңгелек металл бөлшекті басып кеткен.

Бұл металл бөлшек бес минут бұрын ұшып кеткен басқа ұшақтан түсіп қалған еді.

Ұшақтың астынан жалын шыққан

Металл бөлшекті басқаннан кейін Concorde ұшағының дөңгелегі жарылып, оның резеңке бөліктері қанаттың төменгі жағына соғылған. Соққы салдарынан жанармай багының бір бөлігі зақымданып, отын сыртқа аға бастаған.

Көп ұзамай қанат астынан жалын шықты. Өрт қозғалтқыштарға да әсер етіп, олардың қуаты төмендеді.

Әуе диспетчері ұшқыштарға ұшақтың артынан жалын шығып жатқанын ескерткен. Экипаж екінші қозғалтқышты өшіруге мәжбүр болды. Бірақ жағдайды бақылауға алу мүмкін болмады.

Ұшақ әуеге көтерілгенімен, қажетті биіктікке көтеріле алмады. Шассиді де жинау мүмкін болмаған.

90 секундтан кейін қонақүйге құлады

Ұшақ көтеріле бастағаннан кейін шамамен 90 секунд өткенде екінші қозғалтқыш та істен шықты. Басқарудан шыққан әуе кемесі Париж маңындағы Гонесс қаласындағы қонақүйдің үстіне құлады.

Соққыдан кейін күшті жарылыс болып, ғимаратты жалын шарпыды.

Борттағы 109 адамның барлығы қаза тапты. Сонымен қатар қонақүйде болған төрт адам да мерт болды. Тағы алты адам жарақат алды.

Тергеу апаттың себебін анықтады

Францияның әуе апаттарын тергеу бюросы жүргізген зерттеу нәтижесінде апатқа ұшу-қону жолағында жатқан металл бөлшек себеп болғаны анықталды.

Ол басқа ұшақтың қозғалтқышындағы кері тарту құрылғысының металл жолағы болып шықты. Concorde дөңгелегі осы бөлшекті басқан кезде жарылып, оның сынықтары жанармай багын зақымдаған. Сыртқа аққан отын тұтанып, өрт қозғалтқыштардың жұмысына кедергі келтірген.

Тергеушілер апатқа әкелген бірнеше техникалық факторды анықтады. Олардың қатарында жанармай багының зақымдануы, өрттің таралуы және қозғалтқыштардың қуатын жоғалтуы бар.

Бұл қайғылы оқиғадан кейін Concorde ұшақтарының қауіпсіздігіне қатысты талаптар күшейтілді. 2003 жылы әлемге әйгілі дыбыстан жылдам ұшатын жолаушылар ұшағы коммерциялық рейстерін толық тоқтатты.

Осылайша, бір ғана металл бөлшектің ұшу-қону жолағында қалып қоюы 113 адамның өмірін қиған авиациялық апатқа себеп болды.