Білім

Қазақстанда BilimClass электронды күнделігінен үй тапсырмалары жоғалып кетті

Қазақстандық мұғалімдер BilimClass электронды платформасының жұмысына шағымданды. Олардың айтуынша, жүйеде бір тоқсан бойы берілген үй тапсырмалары жоғалып, кейбір қолданушы электронды журналға кіре алмай қалған. Компания техникалық ақауды растады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

27 қарашада әлеуметтік желіде мұғалімдер BilimClass платформасындағы ақауға қатысты жазбалар жариялады.

Педагогтердің бірі жүйедегі ақаудан кейін өзі сабақ беретін барлық сыныптағы үй тапсырмалары өшіп кеткенін жазған. Оның айтуынша, бір тоқсан бойы енгізілген тапсырмалар көрінбей қалған.

«Ақаудан кейін барлық сыныптағы үй тапсырмаларым жоғалып кетті. Бүкіл тоқсан бойы берген тапсырмалар жоқ. Әріптестер, сіздерде де осындай жағдай болды ма? Бәрі қалпына келеді деп күтеміз бе, әлде тоқсанның басында не бергенімізді қайта еске түсіріп, тапсырмаларды қайта енгіземіз бе?» – деп жазды мұғалім.

Басқа педагогтер де осындай мәселеге тап болғанын айтқан. Бірінің үй тапсырмалары жоғалса, енді бірі қосымшаны мүлде аша алмаған. Мұғалімдер журналдағы мәліметтерді қайта толтыруға тура келе ме деп алаңдап отыр.

BilimClass өкілдері не дейді?

Компания өкілдері 27 қарашада платформада техникалық ақау болғанын растады.

«Кейбір қолданушыларға қате хабарламалар мен ескертулер көрсетілуі мүмкін. Қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз. Қазіргі уақытта мамандарымыз ақауларды жою жұмыстарымен айналысып жатыр. Жағдай бақылауда», – деп хабарлады компания.

Сонымен қатар кейбір қолданушы қосымшаға кіре алмай, электронды журналдағы бағаларды, сабақ кестесін және үй тапсырмаларын уақытша көрмеуі мүмкін екенін ескертті.

Әзірге платформаның толыққанды жұмысы нақты қашан қалпына келетіні айтылған жоқ. Сондай-ақ ақаудан қанша мұғалім мен оқушы зардап шеккені және жоғалған мәліметтерді қайта енгізу қажет бола ма деген сұрақтарға жауап берілмеді.

BilimClass деген не?

BilimClass – мұғалімдер электронды журнал жүргізіп, оқушыларға баға қойып, үй тапсырмасын беретін білім беру платформасы. Оқушылар мен ата-аналар да осы жүйе арқылы сабақ кестесін, үлгерімді және тапсырмаларды бақылай алады.

Айта кетейік, 2026 жылдың қаңтарында Алматы мектептері Kundelik жүйесінен BilimClass платформасына ауыса бастаған. Сол кезде ата-аналар арасында балалардың жеке деректерінің берілуіне қатысты алаңдаушылық туындаған еді.