«Қамқоршым, байлығым»: семейлік екі асабаның Абай облысының әкіміне әні сынға қалды
Семей қаласының екі асабасы Абай облысының әкімі Берік Уәлиге арнап ән шығарды. «Әкімге қошемет» деп аталатын туынды әлеуметтік желіде қызу талқыланып, әкімдік өкілдері арнайы түсініктеме беруге мәжбүр болды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ән авторлары – Ернұр Дүйсен мен Қуантқан Қуанышханұлы. Олар композицияда өңір басшысын мадақтап, оның қала көшелеріне асфальт төсетуін, жемқорлықпен күресуін және Семейдің дамуына қосқан үлесін жырға қосқан.
Әннің көпшіліктің назарын аударған тұсы – қайырмасы. Онда асабалар әкімді «қамқоршым, қорғаным, барым, байлығым» деп сипаттайды.
«Өзі жемей, гүлдендірген қаласын, әкімге қошемет соғыңдар! Қорықпайтын қиыншылық-қайғыңнан, көшелерге жаңа асфальт жайдырған, жемқорларды жұмысынан тайдырған. Бекеңе қошемет соғыңдар!» – деп әндетеді орындаушылар.
Әкімдік әнге қатысы жоқ екенін мәлімдеді
Бейнежазба 25 қараша күні кешке Instagram және TikTok желілерінде жарияланған. Кейін авторлар видеоны өз парақшаларынан өшіргенімен, ол WhatsApp пен өзге де мессенджерлер арқылы тарап кеткен.
Абай облысы әкімінің баспасөз хатшысы Азамат Қасымның айтуынша, бейнежазбаның облыс әкімдігіне, оның құрылымдық бөлімшелеріне және мәдениет мекемелеріне ешқандай қатысы жоқ.
«Бейнежазба жеке бастамамен дайындалып, жарияланған. Облыс әкімдігі тарапынан мұндай мазмұндағы материалдарды әзірлеу немесе тарату жөнінде ешқандай тапсырма берілген жоқ», – деп түсіндірді ол.
Берік Уәли кім?
Берік Уәли 2025 жылғы 17 ақпаннан бері Абай облысының әкімі қызметін атқарып келеді. Бұған дейін Қазақстан Президентінің кеңесшісі – баспасөз хатшысы болған. Сондай-ақ «Хабар» агенттігін басқарған.
Еңбек жолын журналистикадан бастаған ол әр жылдары тілші, редактор және тележүргізуші болып жұмыс істеген.