Анасы мен жеті баласы түнде жұмбақ жағдайда көз жұмды
АҚШ-та 90 жылдан астам уақыт бұрын бір отбасының сегіз мүшесі жұмбақ жағдайда қаза тапқан. Өртенген үйдің ішінен 29 жастағы әйел мен оның жеті баласының мәйіті табылған. Ал отбасының отағасы оқиғадан кейін із-түзсіз жоғалып кеткен. Арада қанша жыл өтсе де, бұл қылмыстың құпиясы әлі ашылған жоқ, деп хабарлайды buginmedia.kz FOX 9 басылымына сілтеме жасап.
Оқиға 1933 жылғы 11 сәуірде АҚШ-тың Миннесота штатындағы Харрис қаласына жақын жерде болған. Сол түні Альвин және Альвира Джонсондардың үйі өртке оранған.
Өрт сөндірілгеннен кейін үйінді арасынан 29 жастағы Альвира Лундин Джонсон мен оның жеті баласының денесі табылған. Балалардың жасы төрт айдан 10 жасқа дейін болған.
Марқұмдардың арасында Харольд, Клиффорд, Кеннет, Дороти, Бернис, Лестер және Джеймс есімді балалар болған. Бір үйде өмір сүрген үлкен отбасының қайғылы тағдыры сол кездегі жергілікті тұрғындарды дүр сілкіндірген.
Өрттен кейін отағасы табылмады
Бұл оқиғаның ең жұмбақ тұсы – отбасының әкесі Альвин Джонсонның жоғалып кетуі. Өртенген үйден оның мәйіті табылмаған. Осы жағдай тергеушілердің күдігін күшейткен.
Тергеу барысында анасы мен жеті баланың өрт басталғанға дейін қайтыс болуы мүмкін екені анықталған. Яғни, өрт олардың өлімінің негізгі себебі болмауы ықтимал.
Осыдан кейін тергеушілер отбасының отағасына назар аударған. Альвин Джонсонды іздестіру жұмыстары басталғанымен, оның қайда кеткені анықталмаған.
Кейін оған әйелі мен балаларын өлтірді деген айып тағылған. Алайда ол табылмағандықтан, қылмыстық істің негізгі сұрақтары жауапсыз қалған.
Қылмысқа қатысты түрлі болжам айтылды
Жылдар бойы бұл іске қатысты түрлі болжам жасалды. Кейбіреулер Альвин Джонсон отбасын өлтіріп, үйді әдейі өртеген деп есептесе, енді біреулер оның өзі де қылмыс құрбаны болуы мүмкін екенін айтқан.
Алайда бұл болжамдардың ешқайсысы нақты дәлелденбеген. Оның үстіне отбасы әкесінің сүйегі де табылмаған.
Оқиғаға қатысты тарихи құжаттар мен куәгерлердің естеліктерін зерттеген журналист Брайан Джонсон 2019 жылы «Murder in Chisago County: The Unsolved Johnson Family Mystery» атты кітап шығарған. Ол марқұм Альвираның туысы болғандықтан, отбасының тағдырын зерттеуге ерекше мән берген.
90 жылдан асса да, жұмбақтың шешімі табылмады
Бірнеше ұрпақ ауысса да, Миннесота штатындағы бұл оқиға әлі күнге дейін ашылмаған қылмыс ретінде аталады. Бір түнде анасы мен жеті баласынан айырылған отбасының тағдыры жергілікті тұрғындардың жадында сақталған.
Тергеушілердің негізгі сұрақтарына әлі де жауап жоқ: сегіз адамның өліміне кім кінәлі? Отбасының әкесі қайда жоғалды? Өрт не үшін шығарылды?
Осы сұрақтардың жауабы табылмайынша, 1933 жылы болған қайғылы оқиға АҚШ-тағы ашылмаған қылмыстардың бірі болып қала береді.